Ғылым саласындағы әйелдер санын арттыру үшін ERG биыл қыркүйек айынан бастап ERG STEM – ғылыми дәрістер топтамасы жобасын ұсынды. Пилоттық жоба Хромтаудан бастау алып, бұған өңір оқушылары, Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлеренің балалары тұрақты түрде қатысып жүр.
STEM – ғылым, технологиялар, инженерия мен математика, теория мен тәжірибені біріктіріп, адам бойында сыни ойлау қабілетін дамытып, өнертабысқа ынталандыратын, шабыттандыратын ұстаным. Аталған жоба аясында Хромтау қаласының 13 пен 18 жас аралығындағы оқушылары мен олардың ата-аналарына әр сенбі сайын дәрістер өтіп жүр. Бұл сабақтарды халықаралық деңгейдегі лекторлар Алматыдан келіп, арнайы жүргізуде. Дәрістердің ұзақтығы – 1-1,5 сағат.
Негізі кәсіпорын мамандарын даярлауда Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде қыз балаларға арналған мамандықтар да барын айта кеткен жөн. Себебі өндіріс орнында химиялық зертхана мамандары, пайдалы қазбаларды байыту ісі, токарь, дәнекерлеуші қыз-келіншектерді жиі кездестіреміз. Алайда заман талабына сай, робототехника, жасанды интеллект, медицина және биотехнология бағытындағы тың мәліметтер оқушылардың мамандық таңдауда аталған салаға қызығушылықтарын оятуға ықпал етеді.
STEM жобасы жайында Дөң тау-кен байыту комбинаты хабарлап, кәсіпорынның Жастар лигасы мектептерге барып, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын да жүргізді.
Әр ата-ана баласының медицинадан бастап, жасанды интеллектке дейінгі ең өзекті, трендтегі кәсіп түрлерінен жинақталған дәріске қатысқанын қаласа, білімді, жан-жақты жастардың қатары артар.
Тау-кен металлургия саласындағы көшбасшы ретінде ERG-ге де қыздар арасында техникалық мамандықтарды насихаттау ерекше маңызды. Міне осы мақсатта қолға алған шараның оныншы дәрісі өтіп, қазіргі таңда оқушылар қосымша сабақтың қызығына кіріп, жүйелі түрде қалмауға тырысады.
– Мен алтыншы сыныпта оқимын. Осы жобаның бірнеше дәрісіне қатысып үлгердім, — дейді №2 Хромтау гимназиясының оқушысы Анастасия Филиппчик. – О бастан өзіме ұнағандықтан, қалмай келіп жүрмін. Мысалы, бізге физика пәні келесі жылдан бастап қосылады. Дегенмен лекторлар жаратылыстану бағытындағы деректерді ашық, түсінікті тілмен жеткізеді. Бұл жобаны өзімнің достарыма да айтып жатырмын. Себебі олар да өзім секілді жаңа дүниелерді танып-білуге ұмтылады.
– Ғылым жолы тек кітап пен формуладан тұрмайды. Ғылым – зерттеуден тұратын қызықты сала. Біз ERG корпорациясымен біраз жылдан бері серіктеспіз. Оқу орнымыздан жыл сайын ғылыми-өндірістік мамандықты меңгеріп шыққан түлектеріміз бар. Олар бүгінде сұранысқа ие кадрларға айналып, Еуразиялық Топтың әр түрлі бөлімшелерінде еңбек етіп жатыр, — деді Қ.Сәтпаев атындағы Халықаралық дәрежедегі Ұлттық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев. – Ғылым саласында өз орнын тапқан мамандарымызда кезінде мұндай қосымша білім алу секілді мүмкіндіктер болмады. Дегенмен олар мақсаттарына жетуде талмай еңбек етті. Сондықтан хромтаулық оқушылар үшін ERG STEM жобасы таптырмас мүмкіндік.
Жыл соңына дейін өтетін жобаның алда төрт дәрісі қалды. Содан соң лекторлар үздік, белсенді қыз балаларды іріктеп, әрі қарай қосымша оқытуға қатыстыруды жоспарлап отыр.
Арайлым Ғани