Әлеумет

«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай ала ма?

Сурет жасанды интеллект арқылы жасалған

Жыл басынан бері банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту – «Стоп-кредит» сервисін Қазақстанда 855,6 мың азамат қолданды.

«Стоп-кредит» сервисі не үшін қажет?

Азаматтарды алаяқтық кредиттерден қорғау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) 2024 жылғы ақпаннан бастап банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту немесе шешімді өзгерту туралы заңнамалық түзетулерді қабылдады. Мұны электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, «электрондық үкіметтің» веб-порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы жасауға болады.
«Стоп-кредит» алаяқтар қосымшаны бұзған жағдайда да қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғауға мүмкіндік береді. Егер сіз осы қызметті іске қоссаңыз және сіздің атыңызға алаяқтар банктік қарызды немесе микрокредитті заңсыз ресімдеген болса, онда банк немесе МҚҰ оны есептен шығаруға міндетті болады. Мұндай норма Агенттіктің бастамасы бойынша 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.
Кредит беруге тыйым салуды кез келген мерзімге шексіз рет қолдануға және алуға болады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) қызметті іске қосу туралы ақпаратты бірден алады, бұл қарыз алушының кредиттік тарихында көрсетіледі. Егер бас тарту белгісі болса, кредиттік ұйым клиентке автоматты түрде жаңа кредит бермеу туралы шешім қабылдайды.
Бұл қызметті басқа адам үшін қолдану мүмкін емес екенін ескеру маңызды – әр адам мұны өз бетінше жасауы керек. Сондықтан ақылы түрде «Стоп-кредит» сервисін орнатуды ұсынатын әр түрлі «делдалдарға» сенбеген жөн.

«Стоп-кредит» сервисінің артықшылықтары:

* сервис сіздің дербес деректеріңізді сенімді түрде қорғайды;
* алаяқтар сізге кредитті ресімдей алмайды, себебі сізде дербес кредиттік есебіңізде көрсетілген тыйым бар;
* егер сіз ұзақ уақытқа елден кететін болсаңыз, онда «Стоп-кредит» – өзіңізді алаяқтардан қорғаудың жақсы мүмкіндігі, себебі шетелде болған кезде форс-мажорлық жағдайларда жылдам әрекет ету қиын болады;
* барлығын сізге ыңғайлы уақытта онлайн режимінде жасауға болады;
* банктер немесе МҚҰ-лар кредит алудан ерікті түрде бас тартқаныңыз туралы ақпаратты бірден алады.

Өзге де пайдалы материалдармен Fingramota.kz сайтынан таныса аласыздар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *