Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адаммен жанжал кезінде мерт болған жасөспірімнің туыстары тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап етті. Олар жасөспірімнің өліміне кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді, деп хабарлайды «Тілші» Азаттыққа сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары 7 қазанда Талғар ауданының әкімдігі алдына жиналып, ашық сот өткізуді талап еткен. Instagram-дағы kris_p_talgar парақшасы жариялаған видеода жұрт жиналған жерге полиция, жедел жәрдем қызметкерлері келгені көрінеді. Видеоға қарағанда, бір адам өзін нашар сезінген. Марқұмның туыстары әкімдік алдындағы жол ортасында полициядан күдіктілердің бәрін қамауға алуды талап еткен.
Марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі бас прокурор Берік Асыловқа үндеуінде жергілікті билік әрекетсіз отыр деп шағынды.
– Талғар әкімдігі, прокуроры мен ішкі істер басқармасының басшысы ешқандай іс-әрекет істемей отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Хал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түн ортасында бізді тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, арыз жаздыртып отыр. Ашық сот болуын талап етемін. Өлетін балам өлді, алатын болса, мені де алсын, мені де қамасын, бірақ әділ шешім, ашық сот болсын, – деді жасөспірімнің әкесі видеода.
View this post on Instagram
Алматы облысының полиция департаменті 7 қазанда осы жағдайға байланысты «Адам өлтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, оқиға кезінде болған адамдардың бәрі ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарлады. Департамент «қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті басшылығы ерекше бақылауға алды» деді.
Оның алдында полиция күдіктілер ұсталған сәт деген видео жариялаған. Онда полиция патрулі мен бірнеше қара түсті көлік мемлекеттік нөмір тақпай жүрген басқа көлікті жол бойында тоқтатып, артынан арнайы киім киген қызметкерлер көліктің ішінде болған бірнеше адамды ұстап жатқаны көрінеді. Полиция тағы бір адамды жер үйден ұстап әкеткен. Видеода ұсталған адамдардың бет-жүзі көрінбейді.