Өскеменде 16 жастағы колледж студентін “соққыға жықты” деп айыпталған екі жасөспірім қыз үш жыл бас бостандығынан айырылды, үшінші жасөспірімнің бас бостандығы бір жыл шектелді, деп хабарлайды “Тілші” “Азаттыққа” сілтеме жасап.
Жауапкерлер тарабы жәбірленушіге 9 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге де міндеттелді.
Бүгін, 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған осы шешім апелляциялық инстанцияда “өзгеріссіз қалғанын” хабарлады. Айтуынша, негізгі сот шешімі 5 шілдеде шыққан. Оған тамызда жауапкерлер шағым түсірген, бірақ апелляциялық инстанция қараусыз қалдырды.
Наурызда Өскемендегі ADK River сауда үйінің әжетханасында жасөспірім қызды бірнеше қыз соққыға жыққаны хабарланған. Оқиға видеосы сәуірде әлеуметтік желіде таралып, қоғамдық резонанс тудырған.
Айыпталғандардың біреуі колледж студенті, екеуі мектеп оқушысы екені айтылған. Олардың біреуі бұрын да “тәртібі үшін” есепте тұрған.
Өскемен білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова айыпталған бір баланың шешесі “қалалық білім бөлімінде жұмыс істеді, осы жағдайдан соң мемлекеттік қызмет лауазымынан босатылды” деді. Ал мектеп директорлары “тәртіптік жазаға тартылғанын” айтты.
Желі қолданушылары “бір жауапкердің әкесі облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте істейді” деп дабыл қақты. Артынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов ақпаратты теріске шығарды.
“Оқиғаға қатысқан адамдардың ШҚО антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық қатынасы жоқ” деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Облыстық білім басқармасы соққыға жығылған қыздың “жағдайы тәуір” деп мәлімдеді.
ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда мектептегі балалардың 66%-ы кемсітушілікке тап болады, 44%-ы әлімжеттікке ұшырайды, 24%-ы басқа балаларға кемсітушілік көрсетеді.
фото: vandrouki.asia
Be the first to comment on "Өскемендегі әлімжеттік: сот екі жасөспірім қызды бас бостандығынан айырды"