Aqtobe Day

Дана Ниязова, актриса: «Өнер адамы қарапайым, жаны таза, бала сияқты болуы керек»

Дана Ниязова – театр әртісінің ерекшелігі, ақтөбеліктердің театр мәдениеті, кейіпкерлердің сан алуандығы жайлы.

Дана Ниязова — Т. Ахтанов атындағы драма театрының әртісі, актриса. Өнер жолын драма театрынан бастаған ару бүгінде қысқаметражды киноларға түсіп жүр. Театр саласына келгеніне 4 жылдай уақыт болса да, сахнада бірнеше рөлді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Жас әртіс Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында драма театры және актриса мамандығы бойынша білім алған. Осыдан 4 жыл бұрын оқуды тәмамдап, Т. Ахтанов атындағы драма театрына мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

— Кез келген әртіс үшін алғаш сомдаған рөлі ыстық болады ғой. Алғаш сомдаған рөліңіз есіңізде ме? Қандай әсер алдыңыз?

— Драма театрда алғаш сомдаған рөлім – Қ. Жүнісовтың “Алғашқы махаббат” спектакліндегі Сайра рөлі. Алғашқы әсер әрқашан ерекше сезім сыйлайды. Әлбетте қобалжу болды. Әр көрерменнің аурасы, реакциясы әр түрлі болады. Бірінің мысы басып тұрады, бірі ерекше сезім ойлайды, қолдап отырады. Қобалжудан бөлек қатты қуандым, өзіме риза болдым. Арман-мақсатыма қол жеткізгенім үшін бір марқайып қалдым. Бірақ спектакльді ойнап болғаннан кейін көрермен алдына шығып, бас иіп, ізет білдіргенде көрерменнің ыстық ықыласы мен ду қол шапалағы еңбектің еленгенін көрсетеді.

— Қандай рөлдерді сомдадыңыз? Жаныңызға жақыны қайсы?

— Актер үшін ең маңызды дүние — бір образда қалып қоймау. Бірдей характерлердің рөлін сомдап, көрермен алдында бір кейіпте қалмау керек. Менің сомдаған рөлдерім әр түрлі. “Алғашқы махаббат” спектакліндегі Сайра, “Келіндер көтерілісіндегі” Нигора, “Махаббат бекетіндегі” Бибі, “Боран” қойылымындағы Жаңыл рөлдерін сомдадым. “Қобыланды батыр” спектакліндегі Қарлыға рөлі, тіпті, өзгеше. Мұны көрермендер де байқапты. Бұл спектакльде мені ерке, нәзік қыздың образында емес, батыл кейіпкер ретінде жаңа қырымнан көрген. Актер әркімнің өмірін сүріп, түрлі образда болуы керек. Рөлді сезініп, жүрекпен қабылдаса, көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз. Әр рөл мен үшін ерекше. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Барлық рөлімді ерекше жақсы көремін. Бір рөлді сомдау үшін бірталай уақыт кетеді. Анализ жасап, сценарийді, пьесаны оқу керек. Содан кейін ғана көрерменге ұсынамыз.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Кептеліс: Ақтөбеде 3 көлік соқтығысып, 1 жүргізушінің қолы сынды

— Театр әртісі мен кино актерының қандай айырмашылығы бар?

— Театр әртісі көрерменнің көз алдында, дәл сол сәтте ойнайды. Стоп та, пауза да жоқ. Қателессек те, кері қарай жол жоқ. Соңғы қатарда отырған көрерменге дауыс анық естілуі керек. Сондықтан театр әртісінің дауыс күшіне, сахна тіліне, дикциясына аса назар аударылады. Театр дауыспен жұмыс істеуді талап етеді. Ал кинода актер экранның арғы жағында ойнайды. Сахна толы көрермен жоқ. Театр сахнасында ойнап жатқан әртіске көрерменнің сыбыры, телефонның шырылы естіледі, әсер етеді, кедергі болады. Кинода олай емес. Бірнеше дубль жасауға болады. Дауыс күшін аса қажет етпейді.

— Әлеуметтік желіңізді шолып шыққанымда киноға түсіп жүргеніңізді көрдім. Киноға түскен қалай екен?

— Иә, балаларға арналған қысқаметражды киноларға түстім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Театр мен киноның айырмашылығын бұрыннан білетін едім. Ал бүгінде шынымен сезініп, байқап көрдім.

— Ақтөбеліктердің театр мәдениетіне көзқарасыңыз қандай?

— Қазіргі таңда ақтөбеліктердің театр мәдениеті жоғарылаған. Театрда жұмыс істегеніме аса көп уақыт болған жоқ. Бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, біршама өзгеріс, даму бар. Театр өнерін түсіне бастаған. Әсіресе, студенттер мен оқушылардың қызығушылығы жоғары. Көрермен залы лық толы болып жүр. Бұрын оларды күштеп әкелсе, қазір көрермен билет таба алмай қалады. Көрермен әдетте телефон даусын басуды ұмытып кетеді. Камерамен түсіріп отырады. Кейде өздерін киноға келгендей сезініп, тамақ ала келеді. Мұның бәрі сахнадағы әртіске әсер етеді ғой. Осыны есте сақтаса екен.

— Актриса болмағаныңызда кім болар едіңіз?

— Актриса болмағанымда дизайнер болар едім. Сән әлемін жақсы көремін. Кішкентай кезімнен сурет салғанды ұнаттым. Өз коллекциям болса деп армандадым. Өнер жолына қызығушылығым ашылғасын барлығын тастадым. Мамандық таңдаудан қателеспедім. Актриса болғаныма қуанамын. Себебі сахнадан ләззат аламын. Бұл – менің сүйікті ісім. Әрі актер өз рөліне байланысты өзін түрлі маман иесі ретінде сезіне алады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Мөлдір Ғапиз, азаматтық журналист: «Құқығын қорғағысы келген адам автоматты түрде сүйкімсіз болып шыға келеді»

— Өнер адамы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

— Өнер адамы, ең әуелі, қарапайым, жаны таза адам болуы керек. Бала сияқты болуы керек қой. Ғажайыпқа сенетін сәбидей таза, ақ көңілі болуы керек. Ішкі жан дүниесі таза, бәрін жүрекпен сезіне алуы қажет. Еңбекқор, шыдамды және салмақты болу артық етпейді. Тәртіпті ұмытпаған жөн. Өзім тәртіппен, режиммен жүретін адаммын. Телефоныма әр күнімді жоспарлап, жазып отырамын. Осылайша өз-өзіме есеп беремін.

— Көпшілік біле бермейтін қандай хоббиіңіз бар?

— Бұрында сурет салатын едім. Қазір мынадай хоббиім бар деп айта алмаймын. Мен жаяу жүргенді жақсы көремін. Қысы-жазы жаяу жүргенді, жалғыз киноға, шоппингке барғанды ұнатамын. Тыныш жерлер жаныма жақын. Жалғыз жүрсем, шаруам өнімді болады. Арасында кітап оқимын.

— Рахмет!

Марат Төлепберген, «Тілші»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *