Aqtobe Day Әлеумет

«Үйде ұстауға болмайды»: Ақтөбе тұрғыны Қызыл кітапқа енген құсты тәуекел етіп бағып отыр

Ақтөбенің тұрғыны Виктория Бекмұхамбетова бір аптадан бері қызғылт қоқиқаздың балапанын бағып отыр. Ажал аузында жатқан жерінен құтқарылған құс болашақта Ақтөбеден Алматы зообағына қоныс аударуы мүмкін. Әлемде сирек кездесетін табиғаттың таңғажайыбын «Тілші» де барып көрді.

Қарғалы өзенінің оң жағалауындағы екі қабатты үйдің ауласы шағын зообаққа ұқсайды. Табалдырықты аттаған сәттен қаз-қатар тізілген бірнеше вольерге тап боласыз. Әртүрлі тұқымды иттер үй иесін бірі шәуілдеп, бірі әупілдеп қарсы алды.

Үй иесінің әйелі Виктория Бекмұхамбетова әр вольердің тұсына тоқтап, иттерін еркелетіп жатты. Біз бірден үйдің кіреберісіне қарай аяңдадық. Өйткені Қызыл кітапқа енген қоқиқаз үй құстарынан бөлек жылы жерде тұр екен.

Виктория Бекмұхамбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны

«Жұқпалы ауруы болса, үй құстарына таралар деп қоқиқазды бөлек ұстап отырмыз. Бастапқыда балапан тым әлсіз еді. Өліп қалар ма екен деген қорқынышымыз болды. Қазір тәбеті тәуір. Бұрынғысымен салыстырғанда белсендірек бола бастады», — деді Виктория қуанып.

Виктория қазіргі таңда қоқиқазды қолда ұстап отырған жалғыз қазақстандық болуы да мүмкін. Өйткені Қазақстан заңдарына сәйкес жойылып кету қаупі төніп тұрған аң-құстарды қолға үйретіп, үйде ұстауға болмайды.

Ал қызғылт қоқиқаз — Қазақстан аумағында жыл сайын азайып бара жатқан құстың бірі.

Қызғылт қоқиқаздың балапанын Ақтөбе су қоймасынан Викторияның балықшы досы тауып алған. Мұз үстінде қимылсыз жатқан құс көліктің пешін қосқаннан кейін тіршілік нышанын сездіріп, жыбырлай бастайды. Өзі көпқабатты үйде тұратын балықшы қатты тоңып қалған құсты Викторияға әкеп берген.

Виктория Бекмұхамбетова үй жануарларын көрсетіп тұр

«Отбасымызбен жан-жануарларды жақсы көреміз. Жуырда жолдасым жұмыстан қайтып келе жатып, жол үстінде қалған қапшыққа тап болған. Жыбырлап жатқанын аңғарып көлігінен түссе, ішінде төрт күшік бар екен. Өзін енді ашқан күшіктерді біреу қаптың аузын буып, аязды күні жолға тастап кетіпті. Үйге алып келіп бағып отырмыз. Мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Бірақ осы кезге дейін қоқиқазды көрген де, баққан да емеспін. Теледидардан тамашалағанымыз рас. Қазір сол табиғаттың таңғажайыбы біздің үйімізде. Балапанның бір аяғын көтеріп тұратыны қызық. Бастапқыда екінші аяғы ауырады ма деп ойлағанмын. Сөйтсем қоқиқаз үшін ол қалыпты нәрсе екен. Бір аяғын көтеріп ұйықтап тұрғанын жиі көремін», — дейді табиғат жанашыры.

Қоқиқаз балапанының бір аяқпен тұрған кезі. Суретті табиғат жанашыры Виктория Бекмұхамбетова түсірген.

 

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің диспетчері Виктория Бекмұхамбетова жедел әрекет ету әдістерін жақсы меңгерген. Кәсіби дағдымен қоқиқаздың жайын бірден Алматы зообағынан хабарлағанын айтады.

Содан бері зообақ ветеринары Алина Чимирук күн сайын видео қоңырау шалып, құстың жай-күйін қашықтан бақылап отыр.

Қоқиқаздың балапанын Виктория зообақ мамандарының кеңесімен қоректендіреді. Қоқиқаз сүйіп жейтін астың құрамында уақталған минтай балығы мен жұмыртқа, өзені шаяны гаммарус пен майда шаян дафния бар. Кептірілген жәндіктерді Виктория зоодүкеннен сатып алған.

Бойының биіктігі бір метрдей болатын балапанның басы, қауырсындары мен аяғы күлгін түсті. Мойыны мен денесінің басым бөлігі аппақ.

Алматы зообағының мамандары «бұл биыл кеш жарылған жұмыртқаның балапаны болуы мүмкін» дейді. Айтуларынша, қанаты қатып үлгермеген балапан әлсіздігінен жылы жаққа ұшқан топқа ілесе алмаған.

«Қызғылт қоқиқаз – жабайы табиғатта өсетін құс. Біз оны өз бетімізше барып аулай алмаймыз. Оған заңмен тыйым салынған. Сол себепті Алматы зообағында жалғыз түйір қызғылт қоқиқаз бар. Оның да тағдыры осыған ұқсас. Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы қоқиқаздар жылы жаққа ұшқан кезде кеш жарылған жұмыртқадан шыққан әлсіз балапан өз тобынан бөлініп қалған.Кейін оны Маңғыстаудан Алматыға жеткіздік. Ақтөбеден табылған балапанды да әзірше қашықтан бақылап, әбден күш жинағаннан кейін Алматыға алып кетеміз», — деді зообақтың ресми өкілі.

Алина Чимирук,
Алматы зообағының ветеринары

Ветеринар Алина Чимируктың сөзінше, зообақ басшылары қазір қоқиқаз балапанын Алматыға жеткізудің жолдарын ойластырып жатыр. Ол үшін балапан жолды көтере алатындай халде болуы шарт.

Қызғылт қоқиқаз – Қазақстан аумағында үш жерді мекендейді. Ол Ақмола облысындағы Теңіз көлі, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы мен Торғай өзенінің төменгі саласындағы көлдер.

Адам аяғы баспайтын батпақты көлдерді мекендейтін қызғылт қоқиқаз — дене бітімі ерекше құс.
Қызғылт қоқиқаз Қазақстанның қызыл кітабына саны жылдам азайып бара жатқан құс ретінде енгізілген. Таралу аймағы шектелген сирек кездесетін құсқа болашақта жойылып кету қаупі төніп тұр.

Ең өкініштісі, сирек кездесетін құстың ең басты жауы — адам. Шаруашылық мақсаттағы алқаптарды көбейту үшін адамдар әдетте құстардың мекенін тарылтады.

Қоқиқаз ірі құс болғандықтан оның адамнан өзге де жауы аз емес. Шибөрі, қорқаулар мен жыртқыш құстар үнемі қоқиқаздарды аңдып, жемтік қылуға тырысады.

Ақтөбенің тұрғыны Виктория Бекмұхамбетова өз мойнына қандай жауапкершілік алғанын жақсы түсінеді. Сондықтан балапанды балаша баптап отыр. Викторияның бір уайымы – қоқиқаз балапанының денсаулығы. Балапан әбден қалжырап мұз үстіне құлағанда оң аяғын үсіріп алса керек. Соның салдарынан буыны ісіп, оң аяғындағы қан тамырлары жарылып кеткен.

Виктория қазір балапанға тәулігіне екі рет антибиотик беріп, буындарына май жағып отыр. Тезірек сауығып, Алматы зообағындағы тағдырласына қосылғанын қалайды.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *