Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе тұрғыны күйеуінен ала алмаған алиментті енесінен өндірмек болды

Фото: astana.sud.kz

Мәртөк тұрғыны бұрынғы күйеуі төлемей қойған алиментті енесінен өндіріп алмақ болған. Сот әйелдің талабын қанағаттандырмады.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, ерлі-зайыптылар 2021 жылы ажырасып кеткен. Қазір заңды некеде дүниеге келген екі баланың үлкені — 5, кішісі — 4 жаста.

Балалардың әкесі алимент төлемей, қарызы 4 млн теңгеден асып кеткен.
Ресми түрде еш жерде жұмыс істемейтін бұрынғы күйеуінен алимент өндірмек болған әйел сотқа бірнеше рет шағымданған.

Сот оның Қазақстаннан шығуына, көлік жүргізуіне шектеу қойып тастаған.

Қарызды өндіру туралы сот шешімін орындамағаны үшін 5 тәулікке қамап та қойған. Бірақ ер адам бәрібір алимент төлемей қойған.
Осыдан кейін әйел балаларының әжесі жұмыс істейтінін, қоры бар екенін айтып, Мәртөк сотына шағымданады. Сот талап арызды қанағаттандырмады.

«Екі баланың ата-анасы еңбекке қабілетті. Олар мүгедек болған немесе бағатын ата-анасы болмаған жағдайда ғана немерелерін асырау әжесіне жүктеледі. Талап қоюшы алименттен жалтарғаны үшін бұрынғы күйеуін қылмыстық жауапқа тартуына болады» делінген соттың хабарламасында.

Ақтөбе облыстық жеке сот орындаушылары палатасының мәліметінше, облыс бойынша 1,5 мың әке балаларына 4 млрд теңгеден астам қарыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *