ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында позициялау жүйесін енгізу қамындағы ауқымды жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Заманауи шешім жерасты қазбаларындағы қызметкерлер мен техниканың орналасқан жерін нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттырады.
Қызметкерлерді позициялау жүйесін (бұдан әрі – ҚПЖ) енгізу қолданыстағы заңнама талаптарына сай. Бағдарлама жұмысшылар мен жерасты көлігін дәл позициялау, қозғалысты бағдаршаммен реттеу, сымсыз байланыс, соқтығысулардың алдын алу, ауа атмосферасын бақылау, қауіпті аймақтарды шолу және бейнебақылау функцияларын біріктірген.
– Аталған жүйенің жобасы ERG Digital стратегиясындағы негізгі жобалардың бірі, — деп атап өтті Business & Technology Services-тегі (ERG-дің АТ бөлімшесі) жоба жетекшісі Тимур Мадин. – Бұл – Қазақстанның тау-кен металлургия кешені саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Ол жер бетінде де, жер астында да инфрақұрылымды дайындауды қамтиды. Сондай-ақ, заманауи жабдық әлемдік өндірушілерден, соның ішінде қызметкерлерді позициялау саласындағы көшбасшылардан сатып алынады. Мысалы, шахтаның әртүрлі горизонттарындағы талшықты-оптикалық байланыс желілерінің ұзындығы – шамамен 80 шақырым. Ал кешенді шешім диспетчерлерге онлайн режимде жүйеде әрбір горизонтта қанша шахтердің жер астында жүргенін, әрбір қызметкер бойынша жеке деректерді көруге мүмкіндік береді. Бұған әрбір қызметкердің аты-жөні, лауазымы, шамдарға орнатылған газ анализаторларының көрсеткіштері, әрбір құрылғыдағы батарея қуатының күйі және тағы басқалары кіреді.
Жүйе шахтаға түсер алдында берілетін, датчиктері бар шахтер шамдарын құрайды. Дәл осы шамдар арқылы диспетчерлік орталық қызметкерлердің онлайн режимдегі қозғалысын бақылай алады. Әрбір шам төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл дабыл қағу үшін SOS түймесімен жабдықталған. Сондай-ақ жүйе сенімді байланысты қамтамасыз етіп, шахтерлердің шамдарына мәтіндік хабарламалар жіберуге сеп. Шахтада wifi арқылы радиобайланыс та қарастырылған.
Персонал мен техниканы нақты позициялаудан бөлек, заманауи жүйе тағы бірқатар функцияларды ұсынады: бұл үйінділер астындағы адамдарды іздеу, техника мен персоналдың қауіпті жақындасуы туралы ескерту. Сонымен қатар жерасты қозғалысын бағдаршаммен реттеу мен шахтадағы бейнебақылауды қамтиды.
Позициялаудың тағы бір маңызды функциясы – шахтаның әртүрлі горизонттарындағы аэрогазды бақылау. Шамдарға газдың шоғырлануы туралы ескертетін датчиктер орнатылған. Бұл қауіпті аймақтардан уақытылы кетуге сеп. Әртүрлі горизонттарда атмосферадағы газ деңгейінің асып кетуін тіркейтін және диспетчерлерге ескертетін стационарлық газ анализаторлары да бекітліген.
– Бұл жобаға салынған инвестициялар – Қазхромның тиімділік пен қауіпсіздіктің ең жоғары әлемдік стандарттарына сәйкес келетін «ақылды шахталарды» құру жолындағы маңызды қадамы. Бұл жай ғана кезектегі техникалық жаңарту емес, Қазақстанның тау-кен өндіру саласын жаһандық трансформациялау бағытындағы іргелі стратегиялық шешім, — деп атап өтті Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауржан Утемисов. – Қазір біз қабылдау сынақтарының аса маңызды кезеңінде тұрмыз. Сандық мониторинг жүйелерін интеграциялау, өндірістік процестерді автоматтандыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Кез келген мұндай көлемді инновациялық жоба секілді біз оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін белгілі бір техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтауды жалғастырудамыз.
Болашақта позициялау жүйесі кәсіпорынның басқа да сандық инфрақұрылым элементтерімен біріктіріледі. Бұл барлық өндірістік процестерді жедел басқару үшін бірыңғай ақпараттық ортаны құруға ыңғай жасайды. Мысалы, MES, наряд-тапсырмалар, сандық рұқсаттар және т.б.