Ақтөбе облысында өршіл жоба – Хромтау қаласында қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясы (ЖЭС) – іске қосылмақ, деп хабарлайды Tilshinews.kz Қазақстан Даму банкіне сілтеме жасап.
Хромтаудағы ЖЭС құрылысы – елдің энергетикалық теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға бағытталған ұлттық стратегияның бір бөлігі.
ЖЭС экологиялық, экономикалық және әлеуметтік құрамдас бөліктердің үйлесімді синтезінің жарқын мысалы болып табылады. Жел электр станциясының энергиясы ERG кәсіпорындары шығаратын қазақстандық ферроқорытпаларды «жасыл» етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жоба аймақтың экологиясы мен экономикасына елеулі оң әсерін тигізеді. Құрылыс кезеңінде 300 жұмыс орны, ал станция іске қосылғаннан кейін 25 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Жобаның жалпы құны 178 млн АҚШ долларын құрайды.
Қаражатты «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ERG құрамына кіреді) мен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (бұдан әрі – Банк) бөледі. Жобаны іске асыру аясында Банк шетел валютасында нарықтық жағдайларда құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жабдықтарды сатып алуға, іске қосу-реттеу жұмыстарына және станцияны пайдалануға беруге (ЕРС-келісімшарт, техникалық қадағалау, сараптама және т.б.) қаржыландыру жүргізеді.
«Жасыл» электр энергиясының алғашқы легі 2024 жылдың желтоқсаны соңында екі жел қондырғыларының есебінен берілмек. Станцияны толық іске қосу 2025 жылдың соңына дейін жоспарлануда.
ҚДБ стратегиялық маңызды бастамаларды, оның ішінде көміртек ізін азайтуға бағытталған жасыл жобаларды қолдайды, бұл Қазақстанның Париж келісіміндегі міндеттемелеріне және 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді мақсатына сәйкес келеді.
Сондай-ақ, Хромтауда ҚДБ-ның қаржылық қолдауымен Дөң тау-кен байыту комбинатында шламдық қалдықтарды (алғашқы өндіріс қалдықтарын) өңдеу бойынша ERG Green жобасы іске асырылуда.