2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар өздерінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарын алған кезде жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмайды. Бұл туралы БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Нақты не өзгереді?
Жаңа ережеге сәйкес, енді зейнетақы қорынан барлық түрдегі төлемдерге, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдеріне де салық салынбайды. Тек Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары ғана салық төлеуді жалғастырады.
Егер азамат бұрын тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланып, кейінге қалдырылған салық міндеттемесі болса, енді ол да күшін жояды. Бірақ бұған дейін төленген салықтар қайтарылмайды.
Тағы не өзгереді?
2026 жылдан бастап өз атына ерікті зейнетақы жарнасын төлейтіндер үшін бұрынғыдай салықтық жеңілдік болмайды. Алайда жұмыс беруші өз қызметкері үшін аударған ерікті жарналар бұрынғысынша салықтан босатылады және бұл жұмыс беруші үшін де тиімді.
Біржолғы зейнетақы төлемі деген не?
Бұл – жинақ көлемі әр адамға жеке белгіленетін жеткіліктілік шегінен асатын сома. Бұл ақшаны тұрғын үй сатып алуға, жер алуға, ипотека жабуға, «Отбасы банктегі» депозитке салуға, медициналық қызмет ақысын төлеуге және инвестициялық компанияға басқаруға беруге болады.
Салықтық жеңілдік неге енгізілді?
Сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары зейнетақы жинағынан салық алу дұрыс емес деп санап, бірнеше рет бұл норманы алып тастауды ұсынған еді. Үкімет олардың ұсынысын қолдап, бұл өзгерісті жаңа Салық кодексіне енгізген болатын.