Бар болғаны бір жарым айдың ішінде BI Group құрылысшылары елордадағы Space тұрғын үй кешенінде екі секциялы, 9 қабатты үй тұрғызды. Жалпы ауданы – 6 600 шаршы метр, пәтер саны – 75. Оның бір бөлігі бірден таза әрлеумен тапсырылды. Алғашқы тұрғындар қоныс тойын тойлап үлгерді, деп хабарлайды «Іскер Тілші».
Холдингтің басшысы Айдын Рахымбаев бұл жобаны «технологиялық серпіліс» деп атап, оны құрылысшылар күніне арнағанын жеткізді.
«Бұл – біздің ғана емес, бүкіл саланың технологиялық серпілісі. Кейбір пәтерлер таза әрлеумен бірден берілді», – деді ол.
Айдын Рахымбаевтың айтуынша, компания мұндай жылдам құрылыс тәжірибесін алдағы уақытта кеңейтіп, BI Group жұмыс істейтін алты елде енгізуді жоспарлап отыр.
«Идеяны жүзеге асырған команданы құттықтауға келдім. Біздің жігіттер жас болса да, нағыз мықты мамандарға айналды. Қазақстандағы барлық құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаймын!» – деп сөзін қорытындылады ол.