Ақтөбеде жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп автобустарының қауіпсіздігі тексерілді, деп хабарлайды «Тілші» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Барлығы 57 автобус қаралды. Мамандар әрбір көлік құралының техникалық жай-күйін, техникалық байқаудан өткені туралы мәліметтерді, өрт сөндіргіш, алғашқы көмек қобдишасы мен апаттық тоқтату белгісінің болуын тексерді.
Сонымен қатар, жүргізушілердің құжаттары, санаттары және жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейіне назар аударылды. Оларға балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі туралы нұсқама берілді.
— Мектеп автобустарына қойылатын бірқатар талаптар бар және көлік құралдары соған сәйкес болуы тиіс. Мысалы, «Балаларды тасымалдау» белгісі міндетті түрде болуы қажет, — деді Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Мирхан Есенжолов.