Атырау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті қызметкерлерінің қолына түсті. 33 жастағы шенеунік Құрманғазы ауданындағы іссапардан оралған бойда облыс әкімдігінің ғимаратында ұсталған.
«Ақ Жайықтың» дерегінше, шенеунікке мердігер ұйым жетекшісінен пара алған деген күдік тағылып отыр. Қазір оған ҚР ҚК-нің 367-бабы («Пара алу») бойынша іс қозғалды. Ал қаражатты берген компания басшысы 366-бап («Пара беру») бойынша тергеліп жатыр.
Тергеу аясында мердігер компанияның кеңсесінде және облыс әкімдігі ғимаратында тінту жүргізілген.
Әзірге күдікті қолхатпен босатылды, бірақ тергеу тобы бұлтартпау шарасын қатаңдатуды сұрап, оны уақытша қамауға алуды көздеп отыр.
Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.