Алматыдағы арнайы экономикалық сот Шухрат Ибрагимовтың талабын қанағаттандырып, «Еуразиялық қаржы компаниясын» (ЕҚК) директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндеттеді, деп хабарлайды «Іскер Тілші».
Сот 2025 жылғы 2 маусым мен 30 шілдеде өткен директорлар кеңесінің шешімдерін заңды деп тапты. Соған сәйкес:
- «Еуразиялық банк» пен «Еуразиялық капиталдың» 2024 жылғы қаржылық есебі тәуелсіз аудитор KPMG бекіткен нұсқада қабылдануы тиіс;
- банк директорлар кеңесіне Ерлан Мусин мен Жанбота Бекенов мүше болып енеді;
- ЕҚК атқарушы органының басшысы болып Жанбота Бекенов тағайындалып, Инесса Кимнің өкілеттігі тоқтатылады.
Компания акционерлерінің бірі, 72 жастағы Патох Шодиев директорлар кеңесінің шешімдерін жарамсыз деп танытуды және моральдық өтемақы ретінде 1 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Оның қызы Муниса Шодиева да жеке талап түсірген.
Алайда сот екі талапты да толық көлемде қанағаттандырмады.
Еске салайық, 2025 жылдың наурызында ERG-дің теңқұрылтайшысы Александр Машкевич қайтыс болғаннан кейін акционерлер арасындағы шиеленіс ушыға түскен еді. Шухрат Ибрагимов – компаниядағы жалғыз қазақстандық акционер әрі 2024 жылдың қазанынан бері ERG-ді басқарып отыр. Ол директорлар кеңесінің шешімдерін қорғап шықса, Шодиев оларды жоққа шығаруға тырысқан.
Сот шешімі бұл даудағы басымдықты Ибрагимов жағына бұрды.
Заң бойынша, сот шешіміне келіспеген тараптар бір ай ішінде Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым бере алады.