Әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушілердің бірі – Kraft Heinz компаниясы 2026 жылдың екінші жартысында екі бөлек компанияға бөлінеді, деп хабарлайды «Іскер Тілші» kapital.kz-ке сілтеп.
Бірінші компанияның аты Global Taste Elevation Co. болады. Ол соустар шығаруға маманданады. Мұнда Heinz кетчупы, Philadelphia ірімшігі және Kraft Mac & Cheese сияқты танымал брендтер біріктіріледі.
Екінші компания – North American Grocery Co. – басқа өнімдерді шығарады. Оған Kraft Singles (балқытылған ірімшік), Oscar Mayer (шұжық пен ет өнімдері) және Lunchables (дайын ас) сияқты брендтер кіреді.
2024 жылы соустар шығаратын бағыттың сатылымы шамамен 15,4 млрд долларды құрады. Басқа азық-түлік өнімдерінен түскен пайда – 10,4 млрд доллар.
«Қазір құрылымымыз күрделі. Екіге бөлінсек, әр бағытқа бөлек көңіл бөліп, брендтердің әлеуетін толық ашамыз және компанияны тиімдірек дамытамыз», – дейді Kraft Heinz басшылығы.
Бөліну жоспарын директорлар кеңесі толық қолдады. North American Grocery Co.-ны қазіргі бас директор Карлос Абрамс-Ривера басқарады. Ал Global Taste Elevation Co. үшін жаңа жетекші іздестіріліп жатыр.
Компания акциялары қазір 0,3%-ға өсті. Бірақ биыл жалпы нарықтағы құны 9%-ға төмендеп, 33,1 млрд долларды құрады.
Айта кетейік, Kraft Heinz 2015 жылы Heinz және Kraft Foods компаниялары бірігіп құрылған. Бүгінде оның өнімдері әлемнің 190 елінде сатылады.