Isker Tilshi Ақпарат

Ержан Нұрғалиев — радиожурналистикадан бизнеске қадамы, бизнес-білім, «Атамекеннің» қаржылай емес қолдауы жайында

Ержан Нұрғалиев – бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау орталығының жетекшісі. Кәсіпкерліктің бірнеше бағытында бағын сынап көрген ол қазіргі таңда бірқатар бизнес жобаны қатар алып келеді. Ержан – көпбалалы әке. Сонымен бірге, қоғам белсендісі.

Isker Tilshi ортасының отырысында ол бизнес әлеміне қалай аяқ басқаны, қазіргі іс адамдарының қай бағытта дамып жатқаны, тағы басқа маңызды жайттарды айтып берді.

Ержанның тырнақалды бизнестерінің бірі «Мұстахим» оқу орталығы. Кейін барбершоптар желісі жұмысын дөңгелетті. Сонымен бірге, арнайы киім цехының жұмысын жолға қойды.

«Ертеректе кәсіп бастаймын деген адамға басқа тараптардан көмек болмады. Аяққа тұру қиын болды. Тексеретін орындар келеді. Маза бермейтін. Қазір билік те көмектеседі, аяққа тұрып кеткен ірі кәсіпкерлер де инвестиция салатын жобалар іздеп жүреді. Бизнесті қорғайтын ұйымдар жұмыс істеп келеді. Біреу-міреу мазаласа, дереу «Атамекенге» қоңырау шаламыз деп отырады кәсіпкерлер», — деп бастады әңгімесін ол.

Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, «Атамекен» палатасы бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы көпір іспетті. Екеуара қарым-қатынасты реттеуші орган. Бизнес өкілдері бірлесіп, бір кісідей жұмылып, өз мүдделерін жеткізе алады, өзін қорғау құралы ретінде де пайдаланып келеді.

«Қандай да бір қысым көрсетілсе, заңсыздықтарға жол берілсе, «Атамекен» алаңқайларында талқыға салып, әрі қарай қандай қадам жасау керектігін ақылдасады. Бизнестегі жүйелі мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Жүздеген кәсіпорынның мәселесі оң шешімін тапты. «Атамекеннің» араласуымен жүздеген шенеунікке заңдарға сәйкес, шаралар қолданылды. Әкімшілік жауапкершілікке, қылмыстық жауапкершіліктерге тартылғандар болды», — дейді палата өкілі.

Өкінішке қарай, Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, мәселесі оңтайлы шешілген кәсіпкерлер «Атамекен» көмектесті» деп айтпайды.

«Неге олай болатынын білмедім. Бизнес қауымдастыққа бар мүмкіндігімізді салып, көмектесеміз. Бірақ, әрі қарай көмегіміз туралы ақпарат таратуға құлықсыз. Содан болар, «Атамекен» ештеңемен айналыспайды деген түсінік бар. Жалпы, сын айту – жақсы зат емес. Сынаған екенсің – өз ұсынысыңды айт. Жалпы, кәсіпкерлер қаржылай несие ретінде алып, бірақ оны жарияламаса түсінер едім. Басқа жағынан болатын көмекті айтып жүру керек шығар», — дейді Ержан Нұрғалиев.

Ержан кәсіпкерлік палатасындағы өз бағыты бойынша да айтып өтті.

«Қаржылай емес көмек – ол қандай көмек? Мысалы, мен салық декларациясын тапсырамын, бизнес жоспар әзірлеймін. Екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландыру үшін құжаттар жинауға көмектесеміз. Кәсіпкерлік жүргізу негіздерін оқытамыз. Есеп-қисапқа қатысты сұрақтар туындайды. Осындай жұмыстар көп», — дейді Ержан.

Бизнесті бастап кету, бизнес нысанын ақылдасу, құқықтық формаларыны таңдау, тіркеу, тағы басқа жұмыстар бар.

Ержан Нұрғалиев қоғамдағы жұмыссыз әйелдер митингілеріне қатысты да ойын жеткізді:

«Мәселен, жұмыс жоқ, қарызға баттық деп шеруге шығатын әйелдер көп болды. Солардың арасынан тренингтерімізге қатысып, кәсіп бастаудың қыр-сырын игергендері болды. Олар қазір өз істерін дөңгелетіп, бизнестерін дамытып келеді. Мысалы, менің курсында осындай топтағы 3 әйел азамат оқып, білім алды. Бизнес ашты. Бұрынғыдай әкімдікті торуылдап, алаңдарға шығып жүрмейді. Кондитертік өнімдер дайындап сататындар бар».

Ержан Нұрғалиевтің пайымынша, адам арманына бір қадам жасаса, арманы да жақындай түспек. Сондықтан, бизнес әлеміне қадам жасарда адам өзін даярлау керек. Мақсат қоя білу керек, әр қадамын ақылмен жасағаны дұрыс. Іс басталғанда түрлі нюанстар кезігеді. Адам осылайша кәсіпкер ретінде пісіп жетіледі.

«Бизнесте де адалдық принципі бар. Өкінішке қарай, бізде банктерді алдап, оңай жолмен несие алғысы келетіндер бар. Алаяқтық әрекеттерге барып, қаржы тапқысы келетіндер кезігеді. Жолығатындар арасында оңай ақша сұрап келетіндер көп. Алайда, ойланып көріңіздерші, банктерде отырғандар аңқау емес қой. Менің ойымша, қоғам түзелсе, көп нәрсе орнына келер еді», — дейді Нұрғалиев.

Қонағымыздың пайымынша, бізде жалға берілетін жылжымайтын мүлік нарығында заңдық реттеу тетіктері жоқ.

«Мәселен, жалға беруші жаңа жыл қарсаңында бағаны шарықтатып жіберді. Одан да бизнесті жаба салған дұрыс деп ойлайсың. Басқа да қиындықтар туындайтыны бар. Кейде мемлекеттің өзі бизнесті тұншықтырып жатқан әсер қалдырады. Тоқсаныншы жылдары да жағдай осыған ұқсас болды емес пе?», — дейді ол.

«Атамекен» палатасының өкілі көп нәрсе халықтың өзіне байланысты екенін жасырмады.

«Бізде қазір нашар президент, нашар әкім. Ал өзіміз қандаймыз? Сіз бен біз, расымен, қандай адамдармыз?. Енді мынадай жайтты айтайын. Егер бізді алып тастап, орнымызға американдықтарды қойса, жағдай қалай болуы мүмкін еді? Үкімет ойына келгенді істей ала ма? Біздің орнымызға американдықтарды ғана емес, французды немесе ағылшынды қойсай, жағдай қалай болар еді. Ал, біздің азаматтардың қай жері кем? Талап етуіміз керек, сәйкесінше, өзіміздің тараптан да жауапкершілікті ұғына алуымыз керек», — деп сабақтады әңгімесін қонақ.

Ержан Нұрғалиев бизнестегі репутацияға мән беру керектігін ескертті. Адам баласы барлық активінен айырылуы мүмкін. Банкротқа ұшырап қалар. Оларды қалпына келтіруге болады. Қайтадан көтеру мүмкін. Ал, жеке бастың беделін орнына келтіру қиын, мүмкін емес.

«Өмірде бір кәсіпкердің таза жұмыс істейтінін біліп тұрып, онымен серіктестік құрмайтының белгілі. Қазір мен ықпалды адамға барайын. Менің кім және қандай екенімді өзгелерге қоңырау шалу арқылы біліп алады. Солай анықтап алып жүр де», — деді Ержан өз басынан өткен жайтты еске ала отырып.

Бизнесте тағы бір жайт. Ержанның пайымынша, ақпарат іздегенде бес дереккөзбен жұмыс істеген абзал. Бұл да өмірден алынған мысал. Бизнес адамы ізгенденде бір жайтты бірнеше ақпарат көзінен оқып, дұрыс түсінік қалыптастырғаны жөн. Бір тақырыпты бес кітаптан оқы. Бір мәселеге қатысты бес авторды тыңда. Осылайша сараптама жасай аласың. Ойыңды жүйелеуге мүмкіндік туады.

«Қазіргі таңда хаос. Бірі тәжірибе жинақтап жатыр, бірі барлық дүниесінен айырылып қалады. Жағалай білім іздеп жүрген кәсіпкерлер. Мұның барлығы, меніңше, қалыпты жағдай. Өтеді, кетеді, барлығы жүйеленеді», — деп атап өтті ол.

Курс, тренинг, кітап таңдағанда мұқият болу керек. Бір мықтыны тыңдау үшін де білім керектігін ұмытпа. Сен оны түсіну үшін элементар дүниелермен таныс болып барғанын жақсы. Адамдарды да тани білу керек. Оларды басқару үшін кімнің қандай екенін білгенің жақсы.

Ержан Нұрғалиев бұрынғы радиожурналист. Сәті түскен кездесуде медиа саласынан бизнеске қалай ауысқаны жайлы да сұрап үлгердік.

«Жасырмаймын. Бірде жұбайым екеуміз болмашы нәрсеге келіспей қалдық та, ол маған «өмірдегі мақсатың не?» деген сауал тастады. Содан терең ойға баттым, таңға дейін көз ілмей, ойланып жаттым. Әйелім оны білмейді. Содан көп уақыт өтпей мен бизнеске қадам бастым. Бір жобам тоқтап қалады, екіншісі жаймен қозғалады, үшіншісі жақсы болып кетті. Осылай өзім де үйрене бастадым, бизнес нишаларды түсіне бастадым», — дейді ол.

Ержан жеке адам ретінде, бизнес адамы ретінде үнемі даму үстінде болу керектігін айтады. Сонымен бірге, тек өзіңді дамыта бермей, айналаңдағы серіктестерің, тіпті, жарыңды да ұмытпауға кеңес береді.

Деңгейін жоғарылаған сайын, жақын адамдарыңның да одан хабардар болғанын ойла. Айтатын әңгімең ортақ болады. Бірге дамисың. Бір бағытта ол сені қолдауы мүмкін. Отбасыдағы баланс бизнес жүргізуге әсер етеді.

Бұл контент Isker Tilshi ортасының отырысынан ықшамдалып дайындалды.

суреттер Ержан Нұрғалиевтің жеке мұрағатынан алынды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *