Ақпарат

Маралды тұрғындары алтын фабрикасын салуға тағы қарсылық білдірді

8 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының жүз шақты азаматы ауыл іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабрика аумағына барып, құрылысты тоқтатуды талап етті. Облыс әкімдігі ауыл тұрғындарының әрекетін «рұқсатсыз жиын өткізу» деп бағалап, «арнайы органдар құқықтық бағасын береді» деп хабарлады. Азаттық сөйлескен ауыл адамдары «облыс әкімін бірнеше күн бұрын диалогқа шақырғанбыз, бірақ келмеді» дейді.

Нарызылар фабрика аумағына әнұран айтып барды. Құрылыс жүргізуге қарсы екенін айтқан олар құзырлы органдарға бейнеүндеу жолдады.

«Бұл — кейінгі үш жылдың ішінде елін, жерін, таза суын қорғап жатқан халықтың жанайқайы. Жоғарғы жақта ашпаған есігіміз жоқ. Бәрінен түңілдік» деді жиналған қауым алдында бейнеүндеу оқыған адам.

Наразылық туралы естіген билік ауылға жасақ кіргізіп, зауыт маңын күзеткен. Жиналғандар алдына шыққан полиция өкілдері халыққа тәртіп сақтау керегін түсіндірген.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 9 мамырда таратқан ақпараты бойынша, наразылар «фабрика аумағына кіріп, материалдық шығын келтірген» және құрылысшылардың кейбірі «дене жарақатын алып» фабрика аумағынан уақытша кетіп қалған.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан ақпаратында ауыл тұрғындарының әрекетін «рұқсатсыз жиын» деп атады.

«Аталған факт бойынша ШҚО полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі» деп жазылған ақпаратта.

Азаттық сөйлескен Маралды тұрғындары әкімдік сөзін жоққа шығарды. Олар «заң бұзушылық болмады, наразылықты ауылдың үлкендері бақылап тұрды» дейді. Жұрт фабрика алдына жиналатынын бірнеше күн бұрын ескертіп, облыс әкімін диалогқа шақырғанын айтады.

— Әрбір лауазымды адаммен кездескен сайын «фабрика құрылысы халықтың ашу-ызасын туғызып келеді, мұны тоқтату керек» деп айтып жүрмін. 8 мамырда халық наразы болып фабрика аумағына барды. «Әкетсін, жабылсын» деген талап қойды. Жастар қатты ашынып тұр. Ашынып тұрған олардың алдына аналарымыз тұрып, тоқтатты. Осындай жағдай болмасын деп бір-екі күн бұрын ауыл тұрғындарынан аудан әкіміне облыс әкімі келсін, сондай талап қойылып жатыр деп ескертілген. Ешкім келген жоқ, халықпен сөйлесіп. Өзім де арнайы барғанмын, сол жерде отырып, тығырықтан қалай шығамыз дегенді [талқылап], нәтиже шығарымыз деп ойлағанмын. Әкім келсе, өз көзімен қай жерде салынып жатқанын көрсе, су көздерін көрсетсек деп ойлағанбыз. Бірақ ешкім келген жоқ, — деді Маралды ауылының тумасы Талғат Исин 9 мамырда Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Елжан Қайырқановтан ауыл адамдары облыс әкімін шақырғаны рас па деп сұрады. «Облыс әкіміне алдын ала ресми шақыру түскен жоқ, ауызша айтқан болар, ал кеше жиналғаннан кейін облыс әкімі келсін деп бейнеүндеу айтқандары рас, оны естідік» деді ол.

Бұған дейін аудан полициясы осы ауылдың алты тұрғынына «тіркелмеген бірлестік қызметіне қатысу» бабымен айыппұл салған. Олар мұны «алтын фабрикасының салынуына қарсылық көрсетпей, аузымызды жабу үшін жасап жатқан қысым» деп есептейді.

Маралды ауылының іргесінде алтын өндіретін фабрика құрылысы 2022 жылы басталған. Тұрғындар содан бері кәсіпорынның алтын кенін ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шаятынына наразы болып келеді. Бұл әдіс табиғатқа зиян келтіріп, өзен мен ауызсуды ластауы мүмкін дегенді айтады. Тәуелсіз экологтар да фабриканың таулы жерде салынуы «қауіпті» екенін, көктемде қар суымен залалды заттар өзенді ластауы мүмкін екенін айтқан.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі «фабрика салынуын бейінді министрліктер мақұлдап, өндіріс қоршаған орта үшін қауіпсіз деген қорытындылар берген» дейді.

Маралды тұрғындары бұған дейін де облыс әкімін бірнеше рет ауылға шақырған, бірақ барған жоқ.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев желтоқсанда облыс орталығының халқына есеп беру жиынында «Маралдыдағы фабрика құрылысы заң аясында салынып жатыр» деп айтқан.

дереккөз және фото: azattyq.org 

Қызық ақпаратыңызбен, фото және видеоңызбен бөлісіңіз.
TilshiNews.kz – сапалы контентті бірге жасайық.
Байланыс: 📞 +7 778 523 44 96 немесе ▶️ @tilshinews.kz (direct)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *