Aqtobe Day Hi-Tech

Жасанды интеллект — ұстаз ба, көмекші ме? Ақтөбелік мұғалімдердің тәжірибесі

Фото: sora.com көмегімен жасалған

Адам өміріндегі барлық салаға бірте-бірте енген жасанды интеллект білім беру жүйесін айналып өтпеді. Бүгінде адамзат ойлап тапқан инновация құралын педагогтар да, оқушылар да пайдаланады. Ал Ақтөбедегі мектептерде жасанды интеллект құралдары қалай қолданылып жүр? Білім беру жүйесіне қандай платформалар мен бағдарламалар енгізілген? Бұл жөнінде Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовадан сұрап білдік.

Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының мәліметінше, барлық мектепте «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінде жасанды интеллект жайлы оқытылады. Мәселен, информатика сабақтарына алгоритмдеу, бағдарламалау, ЖИ және big data бағыттары қосылып жатыр. Арнайы элективті курстар мен үйірмелерде оқушылар робототехника, ЖИ жобаларымен айналысу мүмкіндігіне ие. Кейбір халықаралық оқу бағдарламаларына (мысалы, IB, STEM бағытындағы мектептерде) ЖИ бойынша арнайы модульдер енгізілген.

— Білім беруде жасанды интеллектті қолданудың оң және теріс жақтары бар. Кейбір оқушылар жасанды интеллекттің көмегіне тым арқа сүйеп, өздігінен ойланбай қалуы мүмкін. Бұл олардың сыни ойлау қабілетіне кері әсер етеді. Сондай-ақ, жасанды интеллект қателесіп, жалған немесе бұрмаланған ақпарат беруі ықтимал. Сондықтан оған толық сенім артуға болмайды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект оқушылардың сыни ойлау мен зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Оқушылар дайын жауапты қабылдап қана қоймай, өз ойларын салыстыруға, ақпаратты талдауға, қателерін түзетуге машықтанады. Бұл олардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға да септігін тигізеді, — деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Мектептегі жасанды интеллект құралдары

Бүгінгі білім беру саласына жасанды интеллект негізінде оқытудың жаңа құралдары мен әдістері енгізілген. Интерактивті қосымшалар, виртуалды ассистенттер, смарт-платформалар оқу процесінде қолданылады. Мысалы, шет тілін үйренуде чат-ботпен сөйлесіп, математикадағы есепті автоматты түрде тексеруге болады. Жасанды интеллект оқу материалдарын бірнеше тілде ұсынып, ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға да (көзі нашар көретіндерге, есту қабілеті төмендерге) қосымша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, ауыл-аудандағы оқушылар да жасанды интеллектінің игілігін көріп жүр.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты

ЖИ білім беру процесінен бөлек ата-аналармен байланысып, ақпарат беру үшін де пайдаланылады. Енді оқушының қай уақытта тамақтанғанын, қанша ақша жұмсағанын ата-анасы немесе заңды өкілі біліп отырады. Тамақтандыруды электронды есепке алу «Әлеуметтік әмиян» және «Бизнес әмиян» ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі. «Әлеуметтік әмиян» жүйесі контингенті 700 оқушыдан жоғары, аудан және қала орталығындағы маңызды білім беру обьектілерінде орнатылған. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша 157 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жүйесі бар. Ал 248 мектепке «Бизнес әмиян» жүйесі енгізілген. Бұл жүйені смартфон арқылы бақылауға болады.

Қазіргі таңда кез келген педагог үшін жасанды интеллектіні меңгеру заман талабына айналды. Себебі ол оқу деректерін жинап, талдайды, материалдарды білім алушының деңгейі мен қызығушылықтарына бейімдейді, күнделікті тапсырмаларды автоматтандырады (тест, есептер), көрнекі және интерактивті ресурстарды жасауға көмектеседі. Онлайн сабақ беретін педагогтер оқу үрдісінде ChatGPT, Gemini, Canva, Kahoot!, Quizizz, Photomath және т.б. жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдаланып жүр. Алайда жасанды интеллект педагогты алмастыра алмайтынын ұмытпаған жөн. Оны тиімді пайдалану арқылы оқу процесін жеңілдетуге, пәндер бойынша тапсырмаларды даралауға, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға болады.

Ақпараттық қауіпсіздік сақталған ба?

Ақпараттық қауіпсіздік — қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Оқушылардың аты-жөні, үлгерімі, тест нәтижелері немесе интернеттегі әрекеттері сияқты мәліметтері құпия ақпарат болып саналатындықтан жасанды интеллект жүйесінде жеке деректердің қауіпсіздігі қалай қорғалады?

— Жасанды интеллектті қолдануда балалардың жеке деректерінің қауіпсіздігі бірнеше деңгейде қорғалады. Яғни бұл —  деректерді жинауды шектеу, шифрлау жүйесін қолдану, құпиялылық саясатын сақтау, ата-ананың келісімі және заңнамалық бақылау, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Мұғалім тәжірибесіндегі ЖИ

Мұғалімдерге жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша шеберлік сабақтары, оқыту семинарлары өткізіледі. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 4000-нан астам педагог жасанды интеллектіні қолдану бойынша  оқудан өткен. Алайда жасанды интеллект жайлы өз бетінше тереңірек білім алып, алған білімін өзгелермен бөлісіп жүрген педагогтар да бар. Солардың бірі — Сандуғаш Маратқызы. Тарих пәнінің мұғалімі 2022 жылдан бастап жасанды интеллект құралдарын үйреніп, бүгінде ақылы негізде өз білімімен бөліседі. Мұғалімнің айтуынша, жасанды интеллект тарих пәнін оқытуда тарихи деректерді жинап, оларды салыстырып, оқушыларға түсінікті түрде ұсына алады. Тіпті кез-келген тарихи тұлғаны оқыту мақсатында немесе сол сабақ тақырыбына сай автоматты түрде подкаст жасап беретін сайттар да бар.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Мереке Амангелдіқызы, баспасөз хатшысы: “Кейбір басылымдар балалар тақырыбын хайпқа айналдырған”

— Оқушылар жасанды интеллектінің интерактивті қасиеттерін жақсы қабылдайды. Себебі ол өздігінен зерттеу жүргізуге, сұрақтарға жедел жауап алуға және білімін нақты уақыт режимінде тексеруге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект оқушыларға өздерінің шығармашылық жобаларын іске асыруға көмектеседі. Мысалы, дигитальды кітаптар, мультфильмдер, аниматорлық жобалар, комикстер немесе интерактивті веб-сайттар жасау сияқты жобаларды жүзеге асыру үшін ЖИ құралдарын қолдануға болады. Мультик пен комикстер күрделі тақырыптарды жеңіл әрі көрнекі етеді. Мысалы, тарих сабағында маңызды тарихи оқиғаларды кейіпкерлер арқылы көрсету немесе биологияда жасушаның құрылысын мультфильм кейіпкер арқылы көрсетуге болады. Визуалды кейіпкерлер оқушылардың есте сақтау қабілетін арттырады, оқиға мен кейіпкердің әрекеті арқылы ақпарат оңай есте қалады. Комикс жасау арқылы оқушылар өздері әңгіме құрастырып, кейіпкерлерді бейнелейді. Мультфильм жасау кезінде олар сценарий жазуды, диалог құруды, визуалды дизайн элементтерін қолдануды үйренеді. Бұл тапсырмалар оқушылардың жобалық жұмыстағы және топтық жұмыстағы қабілетін дамытады, — деді Сандуғаш Маратқызы.

Сандуғаш сабақта пайдалануға болатын бірнеше жасанды интеллект құралдарын да атап өтті. Әр пән бойынша, оқушылардың жас ерекшеліктеріне және оқу деңгейіне сәйкес оларды пайдалануға кеңес  берді.Мысалы: AI-powered тесттер (мысалы, Quizlet, Kahoot), интерактивті платформалар (Canva, Padlet), генеративті AI (DALL-E, GPT-3) арқылы креативті жобалар жасауға болады. Математика немесе ғылым сабақтарында PhET симуляциялары кәдеге асады. Ал тарих немесе әдебиет сабақтарында AI-generated кейіпкерлермен диалогтарды ұйымдастыру тиімді.

P.S. Жасанды интеллект адам интеллектісінің күші жете бермейтін мәселелерді шешетін үлкен әлеуетке ие. Алайда мұғалімдер «оқушылар үй тапсырмасын жасанды интеллект көмегімен орындап жүр» деп дабыл қағуда. Бұл оқушылардың өздігінен ойлау, талдау, іздену дағдысына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан педагогтар жасанды интеллектіні тиімді әрі орнымен қолдануды құп көреді. Яғни жасанды интеллект тек қосымша құрал болуы керек, ал негізгі білім мен дағдыны оқушы өзі игергені жөн. 

Аружан Смағұлова,
арнайы TilshiNews үшін

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде күйеу жігіт қалыңдығының ақшасын ойынға тігіп, ұтылып қалды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *