Тілшілік қызметке 2019 жылдан бастап қадам басқан Мереке Амангелдіқызы бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы-ресми өкілі болып жұмыс істейді. Журналистикадан жырақтаса да, медиадан алыстаған жоқ. Кейіпкеріміз білім саласында ақпарат тарату, педагогикадағы жаңалықтар, медиадағы балалар мен білім беру аясындағы тақырыптар жөнінде сұқбат берді.
“Ақтөбе — болашаққа трамплин бола алатын қала”
Мереке 2019 жылы “Ақтөбе” телеарнасында редактор-жүргізуші ретінде еңбек жолын бастады. Бірақ журналистикаға деген қызығушылығы мектеп кезінен оянған. Сол кезде-ақ, «Актюбинский вестник» газетіне бірнеше мақала жазып жүрген. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тәмамдаған соң біраз уақыт елордада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды.
Өңірдегі журналистикаға үлес қосқым келіп, сөйтіп Ақтөбеге қайта оралдым. Бір нәрсені атап өткім келеді. Аймақ – болашаққа трамплин бола алатын үлкен және қажетті мектеп. Өңірде кәсіби негіздерді үйренесіз, жергілікті жерде кездесетін қиындықтарды түсінесіз, — дейді ол.
“Телеарнада жүргізуші не тілші болу жеткіліксіз”
Телеарна – көпқырлы сала. “Мен жаңалықтың шынайылығы мен жылдамдығының маңызын жете түсіндім” дейді өз сөзінде. Айтуынша, телеарнада жұмыс істеп, қысқа уақыт ішінде ақпарат жинау, оны сүзгіден өткізу, мазмұнды әрі түсінікті етіп жеткізу дағдыларын жетілдірген.
Жалпы, журналистика – ең алдымен нақты және тексерілген ақпарат саласы. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуына байланысты фейк жаңалықтар мен манипуляциялар көбейді. Сол себепті телеарнада жұмыс істеген жылдары ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруді және оны дәлелдеуді үйрендім. Сондай-ақ, нақты әрі сауатты жазу, күрделі ақпаратты көрерменге қарапайым тілмен жеткізу дағдыларым қалыптасты. Бұл тәжірибе қазіргі қызметімде де үлкен көмегін тигізіп келеді.
“Баспасөз хатшысы болу – үлкен жауапкершілік”
Мерекенің баспасөз хатшысы ретіндегі негізгі қызметі – қоғаммен байланыс орнату. Сондықтан бұл қызметте ұйымның мүддесін қорғау мен қоғаммен, БАҚ өкілдерімен тиімді қарым-қатынас орнату, тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін алға тартты.
Менің тәжірибемде уақытылы шешім қабылдап, адамдардың өмірін сақтап қалған кездер де болды. Бұл – 24/7 режиміндегі жұмыс. Яғни әрдайым сақ болу, тәуекелдерді алдын ала сезу, компромисс таба білу, дұрыс қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бұл қызметке келгенде маған біртіндеп, асықпай жүріп үйренуге мүмкіндік болмады. Бірден ең күрделі аймақтардың бірінде жұмысымды бастадым. Одан кейін ең күрделі министрліктердің біріне ауыстым. Сондықтан тез бейімделуге, жедел шешім қабылдауға және әрқашан жағдайды бақылауда ұстауға тура келді, — деді өз сөзінде.
Мерекенің айтуынша, нағыз баспасөз хатшысы осындай болуы керек деген формула жоқ. Тіпті қандай да бір жағдайларда осылай істеу керек деп айтса да, ол әрдайым жұмыс істей бермеуі мүмкін. Себебі әрбір жағдай өзіндік тәсілді талап етеді.
Әрбір оқиғаны өз пайдаңа немесе керісінше, өзіңе қарсы бұруға болады. Бұл тек тәжірибемен келетін қабілет. Бастысы — жауапкершілік, еңбекқорлық, икемділік, уақытында дұрыс шешім қабылдау. Ақпаратты шұғыл әрі нақты тарата білу, журналистермен және халықпен дұрыс байланыс орнату, кез келген негативті ақпаратты сауатты басқару және салмақты пікір білдіру, баспасөз қызметінде (әсіресе, орталық мемлекеттік органдарда) заңнаманы, саланың ерекшеліктерін және қоғамның сұранысын жақсы түсіну, жағдайды алдын ала сезіну және уақытында дұрыс шешім қабылдау негізгі факторлар деп ойлаймын. Бірақ бұл — тек тәжірибемен келетін қабілет.
Білім саласына қатысты негативтің бала болашағына әсері
Жалпы білім саласы – қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Тіпті, «балалар тақырыбын» хайпқа айналдырып алған журналистер бар дейді ол. Ең маңыздысы – балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соны бүкіл қоғам түсінуі керек.
Қазіргі медиада алаңдатарлық үрдіс жиі байқалады. Кейбір танымал басылымдардағы әріптестерім «балалар тақырыбын» хайпқа айналдырып, зорлық-зомбылық, буллинг, ұрып-соғу сияқты ауыр оқиғаларды ұсақ-түйегіне дейін тәптіштейді. Алайда, бұл ақпараттың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін толық сезінбей жарияланатыны алаңдатады. Тіпті, кейде елімізге қатысы жоқ оқиғалар халықтың назарын аударту үшін бұрмаланып беріледі.
Мысал ретінде Вертер әсерін еске түсірейік. Егер қоғам трагедиялық оқиғаларды шамадан тыс насихаттаса, бұл ұқсас жағдайлардың жиілеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан өзімізге маңызды сұрақ қоюымыз керек. Біз балаларымыз үшін қандай орта қалыптастырып жатырмыз?
Балалардың қатыгездігі туралы жиі айтамыз, бірақ үлкендердің өзі мектептер мен балабақшаларда төбелесіп, мұғалімдерді балағаттап жатады. Егер балалар осындай ортада өссе, олардан қандай құндылықтар күтеміз? — деп пікір білдірді.
Білім саласында қандай жаңалық бар?
Білім – ең ауқымды салалардың бірі. Ол балабақшадан бастап кәсіби мамандыққа дейінгі кезеңді қамтиды. Сонымен қатар, министрлік инклюзия, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, жазғы демалыс сияқты көптеген маңызды бағыттарды қадағалайды.
Бұл сала – үнемі даму үстіндегі тірі организм. Себебі оған 23 мыңнан астам білім беру ұйымы, 7 миллионға жуық бала және 600 мыңнан аса педагог кіреді. Сондықтан мұнда үнемі өзгерістер мен жетістіктер болып тұрады.
Сонымен қатар, 1300 мектепті реновациялау жобасы аясында білім инфрақұрылымын жаңарту, заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 2027 жылға дейін еліміздегі барлық мектептер бірыңғай жоғары сапа стандарттарына сәйкестендірілуі тиіс.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында 2023 жылдан бастап “Ауыл мектебі – сапа алаңы” жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жоба алғаш рет Ақтөбе облысында пилоттық режимде басталған. Оның аясында ауыл мектептерінің инфрақұрылымы жаңғыртылып, педагог кадрлардың сапасы артты. Нәтижесінде, ауыл мектептеріндегі білім сапасы 7-9%-ға көтерілді.
Қазір мұғалімдердің саны артып келеді. 2024 жылдың басында Қазақстақстанның мектептеріне 1700-дей мұғалім жетіспеген, ал қыркүйек айында 8 мыңнан аса мұғалім жаңадан келді. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, өткен жылы қалада жұмыс жасайтын мұғалімдердің орташа айлық жалақысы бір ставка үшін 352 мың теңгені, ал ауылдағы мұғалімдердің жалақысы 435 мың теңгені құрады. Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл Қырғызстандағы әріптестерінен шамамен 9 есе, Ресейден 3 есе жоғары, — деп ақпарат берді Мереке.
“Менің ұстанымым – жауапкершілік және еңбекқорлық”
Мереке жас та болса, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Еңбекқорлық пен адалдықты жоғары бағалайды.
Ең бастысы — қайда болсаңыз да, ең алдымен өз еліңізге пайда әкелуіңіз керек. Негізі осы ұстаныммен өсіп келген адаммын. Мен өзімнен тәртіптілік, шынайылық және нақтылықты талап ететін адаммын. Осы қасиеттерді өзгелерден де күтемін. Кейде бұл қасиеттерім маған көмектеседі. Ал кейде біреуге ұнамай жатады. Бірақ бір нәрсені жақсы білемін – менің өмірлік қағидаларым мені ешқашан алдаған емес. Сырт көзге көрінген сәттілік – қажырлы еңбектің нәтижесі. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, дамуға ұмтылуы керек деп санаймын, — деді ол.
Мереке бос уақытында кітап оқығанды, саяхаттағанды жақсы көреді. Әке-анасымен бірге уақыт өткізуді ұнатады. Жаңашылдыққа жаны құмар. Өзін әртүрлі бағытта дамытуды жөн көреді.