«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері AQTOBE арнасының тележүргізушісі Венера Серғазина.
— Венера, эфирден көрінбей кеттіңіз. Қайда жүрсіз?
— Эфирге шықпағаныма 3,5 жылдай уақыт болды. Мені тележүргізушіліктен ешкім қуған жоқ. Бұл — өз шешімім. Адам әдемі келген жерінен әдемі кете де білуі керек. Жасым 50-ге толғаннан кейін жаңалықтарды жүргізбеймін деп шештім. Соның арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жаңа кәсіпті игердім. Қазір AQTOBE телеарнасының координаторымын. Координатор — жаңалықтар қызметінің жұмысын үйлестіріп отыратын адам. Жұмысым өзіме ұнайды.
Ал тележүргізушіліктен кету себебім, жас әрі амбициясы зор қыз-жігіттер экранға шықсыншы деп ойладым. Қалай болғанда да теледидарда картинка яғни, көрініс өте маңызды. Жас адамда энергия да көп болады. Экранның арғы жағындағы көрермен оны байқамайды емес, міндетті түрде байқайды.
Кез-келген тележүргізушіден сұрап қарасаңыз, тікелей эфир — үлкен стресс дер еді. Ал стресс атаулы денсаулығыңда із қалдырады. Жасыратын несі бар, уақыт деген құдырет әйелді аямайды екен. Бетіңе әжім түсіп, салмағың артады. Сонда да тістесіп эфирден түспей қою – эгоизмнің көкесі болар еді.
Батыс елдерінде жаңалықтарды тәжірибелі, орта жастағы мамандар жүргізеді. Өйткені оларда уылжыған жас қыздың өте өзекті мәселелерді қозғауы көрермен сенімсіздігін тудырады деген түсінік бар. Ал бізде олай емес. Біздің түсінігімізде эфирге шығатын адамның міні болмауы керек.
Қонысбек Терекұлы, тележүргізуші: «Документалистика жанрында шамамды байқап көргім келеді»
— Хас сұлу жүргізушінің көрерменді негізгі нәрседен яғни, ақпараттан алаңдататыны да бар емес пе? Сондықтан сырт келбетке ғана сүйену қаншалықты дұрыс? Тележүргізуші үшін маңызды нәрселерді санамалап беріңізші?
— Ең алдымен интеллект керек. Не айтып отырсың, кімге айтып отырсың? Бұл ақпарат көрермен үшін қаншалықты маңызды? Соның салмағын, жауапкершілігін түсіне білуің шарт. Ақпаратты эмоциясыз тарсылдатып баяндап беруге болмайды. Эмоция керек екен деп эфирде көрерменге, қасыңдағы әріптесіңе қылмыңдау да қате. Көрермен ондайды бірден сезеді, кешірмейді.
Сосын әрине, дауыс дер едім. Дауыс неғұрлым төменірек болса, ақпарат соғұрлым жақсы қабылданады. Шіңкілдеп, болмаса шаңқылдап кетсеңіз, сізді ешкім де ұзақ тыңдай қоймас. Сондықтан тележүргізушілердің көп уақыты дикциясын түзеуге кетеді. Дикция қою- мол ресурс жұмсалатын ерен еңбек. Қиының қиыны, көп жүргізуші осыған салғырт қарайды.
Ақбаян Сұлтанмұратова — медиадағы атақтар, тапсырыспен қаралау, фактчек пен дата-журналистика жайлы
Тележүргізуші кезімде менің бар тапқан таянғаным тері мен шаштың күтіміне қажет косметика сатып алуға кететін. Эфирге гримсіз шықпайсың. Шашыңды жөндеуге де түрлі косметика қолданылады. Оның бәрі зиян. Күн құрғатпай сәндік косметика қолдану теріңді де, шашыңды да әлсіретеді. Кәсіби күтім жасамасаңыз болмайды. Ал ол дегеніміз қыруар қаржы. Косметикадан бөлек киім-кешек пен аксессуарлар бар. Сол себепті тележүргізушілер өзіне өте көп инвестиция салады.
Осы кәсіптің жолында мен құрбандыққа шалған тағы бір нәрсе — жеке өмірім. Жұмысыма берілгенім сонша соңғы 30 жылда жеке өміріме мән бермеппін. Бұл — өкініш те, ақталу да емес. Тележүргізушілік — қызығы мен шыжығы көп жұмыс. Ешқашан ішің пыспайды. Бір күнің екінші күніңе ұқсамайды. Жеке өмірің экрандағы қызықты, тынымсыз тірліктің тасасында қалып қояды. Мен бұрын тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын жер тек мектеп деп ойлайтынмын. Телевидениенің де адамды магнитше тартып, алды-артына қаратпайтын құдыреті барын ұқтым.
— Интернеттің заманында білмегеніңді сұрау, мамандығыңның қыр-сыры туралы кеңес алудың түк қиындығы жоқ. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Сіз облыстық теледидарға интернет дамымаған кезеңде келген екенсіз. Бұрын мұғалім болған адамға жаңа кәсіпті игеріп кетуге не, болмаса кім көмектесті?
— Алдыңғы буынның көп көмегі тиді. Әлі күнге ерекше құрметпен еске алып отырамын. Айман Мұқаева, Искра Казиева, Иван Ушановтар аңыз адамдар еді ғой. Солардың тәлім-тәрбиесін алып, бір жылдары жанында жүргенімді мақтан тұтамын.
Мен есімін атаған адамдардың бәрі Ақтөбе теледидарын, мамандығын, көрерменді ерекше сүйді. Бар саналы ғұмырын телевидениеге арнады. Солардың тәрбиесін көріп, солардың жолымен жүргендіктен де болар, мен де телеведениеге ештеңені тең көрмедім.
Ақтөбе теледидары — менің екінші үйім. Телевидение маған бәрін берді. Осы жерден қаншама дос таптым. Көрерменнің риясыз махаббатына кенелдім. «Ақпарат саласының үздігі» атандым. Биыл жазда Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алдым.
Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші: «Қазір көп сөздің емес, дөп сөздің заманы»
— Сыйлық немесе орден-медаль алудың маңызы қандай? БАҚ өкілін ынталандыратын одан басқа қандай факторлар бар?
— Журналистік орта әсіресе, тәуелсіз БАҚ өкілдері үшін кәсіби наградалардың орны бөлек екенін білемін. Бірақ мен өмірінің 30 шақты жылын мемлекеттік БАҚ-та өткерген адаммын. Мемлекеттің саясатын жүргізіп отырған БАҚ-тың өкілі ретінде мемлекеттік награда алу — зор мәртебе.
Ал одан да басқа қандай ынталандырушы факторлар бар десеңіз, көрерменнің махаббаты деп жауап берген болар едім. Тележүргізуші үшін одан асқан артық бақыт бар деп айта алмаймын. Бәлкім, мұның бәрі пафос сияқты естілетін болар. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шыным — осы! Көшеде, жиын-тойда мені танып, ілтипат білдірген көрерменді құшақтап сүйіп алғым келеді.
— Көрермендеріңізді қуанта беріңіздер! Сұхбатыңызға рақмет!