Aqtobe Day Медиа

Томирис Бакиева, медиа саласының маманы: «Қазіргі замандастарымның құндылығы рухани дүниеге негізделген»

Өзі жас болса да, жігерлі, әрі еңбекқор Томирис көпке үлгі. Оның PR саласында тәжірибесі бар, медиадағы трендтер мен жаңа тенденцияларды меңгерген. Бүгінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Көшбасшылық және білім берудегі менеджмент» білім бағдарламасы бойынша магистратурада оқып жүр. Томирис жастармен жұмыс, білім беру саласы және жеке бренд жайлы әңгімелеп берді.

Жастармен жұмыс істегенде қандай құндылықтарға мән бересіз?

Құндылық – әр адамның философиялық талдауына, ойлауына қатысты ұғым. Мен үшін ең басты құндылық – даралық. Постмодернизация кезеңінен кейін дүниеге келген адамдардың құндылықтар жайлы түсінігі басқаша. Осыған дейін адамның құндылығы материалдық дүниеге байланса, қазіргі замандастарымның құндылығы рухани дүниеге негізделген. Тағы бір құндылықтың қатарына білімге және дамуға ұмтылысты жатқызар едім. Өзін-өзі дамытып, білім алып, жұмыс істеп жүрген жастар өте көп. Сондай-ақ, жастар даралықты қабылдап, толеранттылықтың, инклюзивтіліктің мәнін түсінеді. Әрдайым үздіксіз өзгерістерге толы заманда икемділік пен бейімделгіштікті де маңызды деп есептеймін.

PR саласындағы ең маңызды дағдылар қандай?

Бұл – Қазақстандағы жас сала. Әдетте PR-ды маркетингпен шатыстырып жатады. PR = коммуникация. Мұндағы басты құрал – адамдармен байланыс орнату. Коммуникация болмаса, PR да жоқ. Сондықтан бірінші дағды – коммуникация. Екінші дағды – трендтер мен контентті пайдаланып, анализ, аналитика жасап, шығармашылықты да ұмытпаған жөн. Трендтен қалмау керек.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Данияр Сағидолла, Tilshi Podcast жобасының контент-менеджері: «Бізге спикердің танымалдылығынан гөрі айтары маңызды»

Білім беру саласына қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?

Бұл салада эксперт, я болмаса бірнеше жылдық тәжірибесі бар маман емеспін. Бірақ жыл сайын демографияның қарқынды өсуінен, білім беру ошақтары да көбеюде. Осыған байланысты сапа жағынан сұрақтар туындайды.
Білім беру саласы – түрлі реформадан өтіп, трансформацияланып жатқан сала. Қарапайым мысал ретінде өзім білім алып жатқан альма-матерімді мақтанышпен айта аламын. Академиялық адалдықты, этикалық құндылықтарды және өзінің өңірдегі миссиясын адал орындаудағы ұстанымдарды алдыңғы қатарға қойған. Жыл сайын жасалынатын реновация жұмыстары да университеттің географиялық контингтентін ұлғайтуға әсерін тигізіп жатыр. Ал білім алуда қоятын талаптары болашақта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сапалы кадр дайындауға негізделген. Сонымен қатар, өңірде және батыс аймақта креативтің хабы осы Жұбанов университеті деп білемін.
Білім беру саласында трансформация жүргізу үшін басшылық құрам, осы саланың менеджерлері де мықты болуы қажет. Бұл білім алушылар үшін оңтайлы жағдай жасауға және қойылған міндеттерге қол жеткізуде ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Әзірге маған білім саласын толық меңгеру қажет. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін нақты жауап берермін.

Қазір магистратурада оқисыз. Болашақта осы біліміңізді қай жағынан пайдаланасыз?

Білім беру бағдарламасы аты айтып тұрғандай, академиялық блоктарға team-лидер, менеджер дайындайтын мамандық. Еуропада мұндай мамандық таңсық емес. Бұрыннан практикада қолданады. Ал біздің мәдениетімізге енді келіп жатыр.

Аталмыш білім бағдарламасын финляндиялық ғалымдар жасақтаған. Елімізде қателеспесем, бұл бағдарлама 15-ке жуық университетте бар. Жалпы бұл педагогикалық сала өте қызық. Бізге «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып немесе тағылымдамадан өтіп келген ғалымдар сабақ береді. Сонымен қатар, шетелдік ғалымдар және саланың эскперттері келіп қонақ дәрістерін өткізеді. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, эксперттік көзқарастарын ортаға салып, бізбен дискуссия жүргізеді. Ғылымды тереңірек игеруге, сыни ойлауға, анализ жасауға, саланың мықты жақтарын игеруге үйретеді. Қараша айында университет ректоры Лаура Карабасова педагогикалық бағыттағы магистранттарға дәріс оқыған. Ол жақта білім берудегі әділдік пен теңдік мәселесін қозғап, гендерлік аспектілерге қатысты дискуссия ұйымдастырдық. Сол секілді role-model, эталон болып жүрген жандардың арқасында білімге, дамуға махаббатың ашылады. Солардың жолын қуып, саланың мықты эксперті болғым келеді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Данияр Сағидолла, Tilshi Podcast жобасының контент-менеджері: «Бізге спикердің танымалдылығынан гөрі айтары маңызды»

Оқу мен жұмысты қатар алып жүретін студенттер бар. Сіздің ойыңызша, білім алып жүріп, жұмыс істеу дұрыс па?

Қанша дегенмен әр адамның өз таңдауы болады ғой. Көп жағдайда студенттердің қажеттілігіне байланысты туындайды. Егер студент екеуін де қатар алып жүре аламын десе, оқуына кедергі болмаса, әрине болады. Заң жүзінде де болады. Бірақ басты критерий – оқуға кедергі болмауы тиіс. Жеке ойым – бакалавр студенті оқуға көңіл бөлуі керек. Студенттік кезең – қайтып келмес шақ.

 

Жастар арасында білімге қызығушылықты қалай арттыруға болады?

Меніңше, стандарт-стереотиптерге байланысты. Әдетте кішкентай балаларды білімсіздікпен қорқытамыз. «Оқымасаң — жұмыссыз қаласың» деп жатады, мұны кейбір ата-аналардан байқаймын. «Оқымасаң – көше сыпырасың» деп адал еңбегімен адал табысын көріп жүрген адамдарды мысқылдап өтіп кетеді. Бұл дұрыс емес.

Мектепте 10-11 сынып оқушылары да көбіне қысымға ұшырайды. Себебі көп жағдайда ата-ана баласына мамандық пен оқу орнын таңдап береді. Әрине қанша жерден бала ата-анаға тәуелді болғанымен, әртүрлі факторлардың әсер етуіне қарамастан ата-ана баламен ақылдасып, оның жеке ойын, нені қалайтынын түсінуі тиіс.
Білім – өзімізге құятын ең құнды, бағалы, көп уақытты талап ететін инвестиция. Адамдардың білімге қызығушылығы емес, оны қажет етуі маңызды. Суды, ауаны қалай қажет етсек, білімге де солай құштар болуымыз керек. Білім алған сайын саналы қоғам қалыптасады. Саналы қоғам құқықбұзушылық, қаржылай және кейбір әлеуметтік мәселелердің азаюына әкеледі. Азаматтардың өмір сүру деңгейі жақсарып, цифрлы заманда жаңа технологияларға және өзгерістерге тез бейімделуге көмектеседі. Мысалы, қазір алаяқтардың көбейіп, адамдарды алдауы — бұл құқықтық, цифрлық сауаттылықтың болмауынан деп ойлаймын.

Жеке дамуда өзіңіз ұстанатын ең басты қағидалар қандай?

Жайлылық. Өзіме маңызды не аламын деп ойланамын.

Мотивацияны неден аласыз?

Процесстен және нәтижеден.

Жеке брендті қалай тез қалыптастыруға болады?

Жеке бренд – әр адамның визиткасы. Кезінде журналдар арқалап, портфолио әзірлесек, қазір жеке брендті әлеуметтік желілер арқылы қалыптастыру оп-оңай. Цифрлық әлемдегі құралдарды пайдалана білуіміз керек. Жеке брендті дамытуда шынайылықты негізге алған жөн. Шынайылық болмаса, аудиториямен байланыс, қоғамға беретін месседж де белгілі мақсатқа жетпейді. Сондай-ақ, трендте болған жөн.

Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

Кітап оқып, серуендеген, достарыммен уақыт өткізген ұнайды. Әртүрлі подкасттар қараймын. Садақ атып, фитнеске барамын. Өз-өзімді дамытып, жан-жақты білім алғанды жақсы көремін.

Марат Төлепберген,
арнайы Tilshi Media үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *