Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде 16 жасында жүкті болған қыздың ісі бойынша полиция түсініктеме берді. «Не молчи» қоры дабыл қағуда

Көрнекі фото: thevoicemag.ru

Әлеуметтік желіде Ақтөбеде 17 жастағы қыздың көмегін сұраған бейнежазбасы тарағаннан кейін бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жасөспірім өзінің кәмелетке толмаған шағында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, қазір ем қабылдап жүргенін жеткізген болатын, деп хабарлайды «Тілші».

Полиция мен мемлекеттік органдар бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Полиция: процессуалдық шешім қабылдауға негіз жоқ

Ақтөбе облыстық полиция департаменті хабарлағандай, 2024 жылы медициналық тексеру кезінде кәмелетке толмаған қыздың жүкті екені анықталған. Алайда оның анасы мен өзі арыз жазудан бас тартқан, деп жазады ҚазАқпарат.

«Полиция барлық қатысы бар тұлғалармен әңгімелесті. Анықталғандай, жасөспірімдер арасындағы қатынас өзара келісіммен болған. Сондай-ақ, қыздың 12–13 жасында зорлыққа ұшырағаны туралы мәлімет расталған жоқ. Сол себепті процессуалдық шешім қабылдауға негіз табылған жоқ», — делінген полицияның ресми хабарламасында.

Денсаулық сақтау басқармасы: қыз дәрігер бақылауында

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз 2024 жылы медициналық көмекке жүгініп, анасының келісімімен әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жүктілігі үзілген.

«Қазір ол учаскелік дәрігердің бақылауында. Денсаулық жағдайына қатысты өзге мәліметтер заңға сәйкес құпия саналады», — деп хабарлады ведомство.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл отбасының жағдайын тексерді

Ақтөбе облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Айгүл Нұркеева бұл отбасыға барып, жағдаймен танысты. Оның айтуынша, бұған дейін отбасы ресми түрде ешкімнен көмек сұрамаған.

«Анасы ата-ана құқығынан айырылмаған және шектелмеген. Қазіргі таңда мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Отбасы жағдайы мен қыздың қауіпсіздігі менің бақылауымда», — деді уәкіл.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбелік журналист Айгүл Нұркеева Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл болып тағайындалды

Бұған дейін зорлыққа ұшыраған адамдарға көмек көрсететін «Не молчи» қоры Ақтөбе облысындағы 17 жастағы қыздың басынан өткен оқиға туралы хабарлады. Құқық қорғаушы Дина Смаилова айтуынша, қыздың психикасы нашар, ол бірнеше рет зорлыққа ұшырапты.

Қордың ресми парағында жарияланған мәліметте былай делінген:

«Қыз екі рет аборт жасаған, оған спираль қойылған. Ең қорқынышты жайт – ол жыныс мүшелеріндегі іріңді ауру себебінен екі рет операция өткерді. Қазір кезекті зорлық пен операциядан кейін емделуі керек. Анасы оның денсаулығына мән бермейді, құқығын қорғамайды – алкогольге тәуелді. Қыз ауруханада кездескен белсенділерден көмек сұрап, операциядан кейін жараларын емдеуге дәрі сұраған. Қордың қолында аурухана қағазы мен қызбен сөйлескен видео бар. Онда қыз соңғы екі зорлық туралы айтады. Белгісіз ер адамдар оны алып кетіп, топпен зорлаған. Олар оның психикасы нашар, анасы ішімдікке тәуелді екенін, қорғамайтынын біліп тұрып, осыны істеген. Белсенді әйел полицияға шағымданып, арыз жазған. Бірақ полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартты, себебі анасы шағым жазудан бас тартыпты»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *