«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері журналист Бақыт Жаншаева.
— Бақыт, сізбен оқиға орны мен баспасөз конференцияларында жолықпайтын болдық. Бұрын әлеуметтік желіде белсенді болатынсыз. Оны да азайтыпсыз. Журналист Бақыт Жаншаева қайда жүр өзі?
— Мен қазір Бақыт Жаншаева емеспін. Бақытхан Құрманқызы Жанша деп аты-жөнімді қазақшалап алдым. Азан шақырылып қойған есімім Бақытхан болатын. Бірақ совет өкіметінің тұсында құжатым Джаншаева Бактыкан Курмановна деп толтырылыпты. Көнбістік қанымда жоқ нәрсе еді. Қате толтырылған құжатты сонша жыл арқалағаным да жетер деп жаңартып алдым.
Семей өңірінің қызымын. Семей қайда, Ақтөбе қайда? Сол себепті құжат жаңарту да оңай болмады. Ресми органдар туған жеріме сұрау жолдап, оның жауабын бір жыл күттім. Сөйтсем әкемнің тегі кезінде Жанча деп толтырылған екен. Бір әріптің кесірінен біраз әуре-сарсаңға түстік.
Ал журналистикаға келер болсақ, 2017 жылы «Үш таған» журналының бас редакторлығынан кеттім. Дұрысы — кетуге мәжбүр болдым. Облыстық екі газет пен «Үш таған» журналы кіретін серіктестіктің директоры Рәукен Отыншин қаржы тапшылығына байланысты штат қысқартылатынын айтып, журналистерге алдын-ала хабарлама берді. Маған «сіз отыра беріңіз» деген болатын. Жалғыз адам журнал шығара ала ма? Ұжымыммен бірге мен де жұмыстан кеттім.
«Үш тағаннан» кеткеннен кейін біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Кейін облыс мәслихатына депутат болдым, дағдарыс орталығын басқардым. Бірақ бәрібір өзімді журналист санаймын. Өйткені журналистикадан кете алмайсың. Ол мүмкін емес нәрсе.
Жазу-сызуды жанымдай жақсы көретін адаммын. Қол қусырып отырған кезім жоқ. Бірақ соңғы жылдары көзімнің көруі қатты нашарлап кетті. Бес-алты рет ота жасалды. Әлеуметтік желіден алыстауымның басты себебі — осы. Амандық болса, үш жылдан соң зейнет демалысына шығамын. Қазіргі жұмыс орным — Ақтөбе облыстық мәслихатының қоғамдық қабылдау бөлімі.
— Қоғам белсендісі бола жүріп мәслихат депутаттығына кеткеніңізді сынағандар көп болды. Биліктен, саяси партиялар мен түрлі ұйымдардан бейтарап болуы тиіс журналистің AMANAT секілді партияға мүше болуы дұрыс нәрсе ме? Депутаттыққа қандай мақсатпен бардыңыз?
— Жеке басымның қамын күйттеп барғаным жоқ. Иненің жасуындай болса да өзгеріс жасағым келді. Бірақ жүйеге қарсы шығу өте қиын екен. Өзімді жел диірменмен айқасқан Дон Кихот сияқты сезінетінмін.
Сол кезде ел аумағында Әділетті Қазақстан құру идеясы айтыла бастады. Бәлкім халықтың санасына Әділетті Қазақстан ұғымын сіңіру үшін билікке біз сияқты белсенді азаматтық позициясы бар адамдар қажет болған да шығар. Ол жағын нақты айта алмаймын.
Мәслихатқа праймериз тәсілімен келдім. Праймериз қазақшалағанда іріктеу деген ұғымға саятын нәрсе. Алдын-ала партияішілік сайлау өткізіледі де мәслихатқа партия атынан баратын лидерлер іріктеледі.
Айтып-айтпай не керек, 2020 жылы праймеризге қатысып, облыс мәслихатына депутат болдым. Бірақ ол шақырылымды екі жылдан кейін таратып жіберді. Әрине, билік осы аралықта депутаттарды мейлінше пайдалануға тырысты. «Бес саусақ бірдей емес». Алдын-ала дайындалған сұрақты қойып, сессияларда төрағаның айтуымен ғана қолын көтеретіндер болды. Жұрт үшін жауап бере алмаймын. Ал өзім принциптеріме адал болдым. Ешкімнің сойылын соққаным жоқ.
Өзіндік пікірі бар депутаттар бөтен қой құсап бөлек жүретінбіз. Бір күні бізді бюджеттік комиссияның отырысына кіргізбей қойды. Сөйтсем жоғарыдан «олар бюджетті бөлуге араласпасын» деп пәрмен түскен екен. Мен бой бермей отырысқа кірдім де әдеттегідей биліктің құлағына жақпайтын сұрақты жаудыра бастадым.
Кейін төрт көзіміз түгел отырғанда облыстық мәслихаттың сол кездегі төрағасы Нұғмановтан бюджеттік комиссия отырысына кіргізбеу себебін сұрағанмын. Ол кісі әрине, мойындаған жоқ. Бірақ қатты сасқалақтап қалғаны есімде.
— Мәслихатқа барғаныңызға өкінбейсіз бе?
— Жоқ, ешқашан өкінген емеспін. Бұрын мен облыстық мәслихатта өтетін жиындарға журналист ретінде қатыссам, депутат кезімде ішкі жағынан үңілдім. Тағы да айтамын, азшылықтың жүйеге қарсы тұруы қиын екен. Сонда да айтқанмен жүріп, айдауға көнбедім. Халықты қабылдап, мәслихатта өзекті мәселелерді көтердім. Арым таза. Бәлкім санымыз аз болып, көп нәрсені өзгерте де алмаған болармыз. Бірақ биліктің бізден именгенін, ықылассыз болса да санасқанын жеңіс деп санаймын.
— Жеңіс демекші, сіз араға 38 жыл салып, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаныңызды сот алдында дәлелдеп шығыпсыз. Қалай болғанын айтып бересіз ба?
— Алғашқы мамандығым — агрономдық. Алматы ауылшаруашылық институтының түлегімін. Ауылшаруашылығы институтының жатақханасы көтеріліс болған алаңның дәл түбінде еді. Елдің жиналып жатқанын көріп, біз де алаңға бардық. Ол кезде 20 жастамын. «Қазақты қазақ басқарсын!» деп ұрандатып, алаңда «Менің Қазақстаным» мен «Атамекенді» айтып жүргенімізде билік бізді ит қосып қуды. Мұздай қаруланған арнайы жасақ бейқам тұрған бізге лап берді.
Сенесіз бе, алты атасының өші бардай кіжініп келіп, мені маңдайымнан дубинкамен ұрған солдаттың түрі әлі күнге көз алдымда. Көзәйнегім сынып қалды. Өзім есеңгіреп барып, шалқалай құлағанмын. Екі жігіт қолтығымнан сүйеп, аласапыранның ортасынан алып шықпағанда сол жерде өліп те кетер ме едім, кім білген?
Қазір көзім нашар көреді. Денсаулығымдағы кінәратқа сол ауыр соққы себепкер де болуы мүмкін. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін сегіз сағаттық тергеуде болдым. Тергеу құжаттары архивте сақталған да болар, ол жағы маған беймәлім. Өйткені осы кезге дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды дәлелдейін деген ойым болған жоқ.
Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда түсірілген суретім барын 38 жылдан кейін кездейсоқ білдім. Жылда желтоқсан айы жақындағанда түрлі фильмдер көрсетіле бастайды. Сондай деректі фильмнің бірін режиссер Әсия Байғожина әзірлеген екен. Фильмнен өз суретімді көріп, айғайлап жібердім.
Ол кезде жастар арасында формасы құбыр тәріздес бас киім өте сәнді болатын. «Труба» деп атайтынбыз. Ақ түсті «трубаны» өзім қолдан тоқып алғанмын. Басымда — «труба», үстімде — құндыз жағалы қарала пальтом бар, алаңда тұрғанымды ап-анық етіп, фотоға түсіріп алған. Біз ол кезде алаңда камера ұстаған адамдар жүргенін де аңғармаппыз.
Араға 38 жыл салып табылған сурет пен жас күнімдегі тағы бірнеше фотоны сот сараптамасына тапсырдым. Фототехникалық және портреттік сот сараптамасы «Желтоқсан оқиғасы 1986_жаңа деректер» деп аталатын видеожазбадан алынған фотоөнім мен Жанша Бақытхан Құрманқызы бейнеленген фотосуреттерді салыстыра келе барлығы бір бейне екені анықталды» деп тұжырым жасады. Соның негізінде сотқа арызданып, Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды дәлелдеп шықтым.
Артыма қарап отырсам, менің өмірім шым-шытырыққа толы, мүлдем іш пыстырмайтын фильм сияқты екен. Әсіресе «Хабар» телеарнасының Ақтөбедегі меншікті тілшісі болған журналистік тәжірбиемде қызықты сәттер көп болды.
— Иә, журналистикаға ойысайықшы. Көрермен Бақыт Жаншаева деп танитын журналисті елден ерек қылып тұрған не нәрсе? Журналистік тәжірбиеңізде қандай принциптерге басымдық бердіңіз?
— Мені елге танытып, Бақыт Жаншаева еткен журналистика болатын. Сол себепті мен бұл мамандықты шексіз сүйдім. Әлі де сүйемін! Ерінбей еңбектенгенім, кәсібіме деген адалдығым мені зор абыройға бөледі. Жас әріптестеріме «ізденуді тоқтатқан күні жұмыстан дереу кетіңіз» деп кеңес берер едім. Өйткені журналистика — бес батпан бейнет. Бұл «жанкештілердің» ғана қолынан келетін жұмыс.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында Дияр деген шалғай ауыл бар. Жаңылыспасам, облыс орталығынан 400-450 шақырымдай жер болуы керек. Жылдар бойы жарықсыз отырған сол ауылға барып, халықтың мұң-мұқтажын «Хабардан» көрсеткенім есімде. Ол екі журналистің бірінің жүрегі дауалап бара бермейтін алыс ауыл. Шалғайлығы өз алдына ол кезде жолы да өте нашар болатын. Мен әзірлеген сюжеттен соң Дияр ауылына жарық берілді.
Журналистік тәжірбиемде мұндай мысалдар өте көп. Екі мыңыншы жылдардың басы ғой деймін, Кеңқияқта кәріз құбырындағы қалдықтар ауыз суға қосылып кетіп, халық жаппай ішек инфекциясын жұқтырды. Бас-аяғы жарты күнде Кеңқияқтағы ауруханаға науқас сыймай кетті. Суыт хабар құлағыма тиген бойы операторым екеуміз Кеңқияққа аттанып кеттік. Түнімен жол жүріп, таң бозара ауыз судан ұшынған жұртпен сұхбаттасып, сол күнгі қорытынды жаңалықтарға материал әзірлеп үлгердік.
«Хабардың» Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі кезімде «Быстрая как ракета» деген номинацияны жеңіп алғанмын. Басшылар ыждағаттылығымды айрықша бағалайтын. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» екен. Әлі күнге бір мезетте бірнеше шаруаны атқара беремін. Қыз-қыз қайнаған тірліктен ғана жаным ләззат алады.
Осы саланың жілігін шағып, майын ішкендер эфир алдындағы аласапыранның не екенін жақсы біледі. Телевидениедегі жан алысып, жан беріскен күндерімді қатты сағынамын. Ал көрермен әрі кеткенде екі минуттық материалдың қандай еңбекпен келгенін білмеуі де мүмкін. Білуі де шарт емес.
Журналист ретіндегі еңбек жолымды Ақтөбе облыстық теледидарынан бастағанмын. Сол жылдары облыстық теледидардың материалдық-техникалық жағдайы тым қиын болды. Оқиға орнына жедел жетейік десек автокөлік болмай қалатын, сюжетімізді монтаждау үшін сағаттап кезек күтетінбіз. Өйткені монтаж столы да аз болатын.
Кешкі жаңалықтардан бір ғана сюжетімді көрген жолдасым «Сен өзі неғып жүрсің? Күні бойы бітіргенің осы ма?» деп ұрысатын. Түнімен жылап шығамын да таңертең көзімнің жасын сүртіп, түк болмағандай жұмысыма барамын. Тележурналист жұмысының қаншалықты қиын екенін ол кісі кейінірек түсініп, менің ең басты көрерменіме айналды.
Сондықтан журналист боламын деген адамның табанды болғаны жөн. Ал жақсы журналист жерде қалмайды.
— Сұхбатыңызға рахмет! Деніңізге саулық тілейміз!
Марат Төлепберген,
арнайы Tilshinews.kz үшін