Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған орай Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу мен жоспарлау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды «Тілші».
Жаңа кодекске сәйкес, ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін өседі. Бұл өзгеріс мемлекеттік сатып алу процессіне қалай әсер етеді?
Жоспарлау кезінде ҚҚС есептелмейді
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, жылдық жоспарлар (соның ішінде алдын ала жоспар мен аванстар) бекітілген бюджет негізінде жасалады. Маңызды тұсы – жоспар құру кезінде ҚҚС сомасы есепке алынбайды.
Салық пен акциз төлеу шарттары жоспарда емес, тек жеңімпаз анықталып, келісімшарт жасалғанда ғана нақтыланады. Бұл салық және кеден заңнамасының талаптарына толық сай келеді.
16% мөлшерлеме қашан қолданылады?
Салық кодексі бойынша ҚҚС тауар өткізілгенде, жұмыс орындалғанда немесе қызмет көрсетілгенде есептеледі. Айналым жасалған күн ретінде тауарды тапсыру немесе актіге қол қою күні саналады.
Сондықтан, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық салық салынатын айналымдарға, тіпті келісімшарт бұрынырақ жасалған болса да, 16% мөлшерлеме қолданылады.
Келісімшартты өзгертуге бола ма?
Жеткізушілер (поставщиктер) Салық кодексіне сай шот-фактура жазуға міндетті. Егер жеткізушінің салықтық мәртебесі өзгерсе (мысалы, ол ҚҚС төлеуші атанса), заң келісімшарт сомасын салық мөлшеріне сәйкес түзетуге рұқсат береді. Бірақ тауардың сапасы мен жеткізу шарттары өзгеріссіз қалуы тиіс.
Портал автоматты түрде есептейді
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Мемлекеттік сатып алу веб-порталына техникалық өзгерістер енгізілді. Енді жүйе:
- Жеткізушінің ҚҚС төлеуші екенін немесе емесін автоматты түрде анықтайды;
- Келісімшартқа ҚҚС сомасын өзі қосады;
- Бағаны салық салынатын және салынбайтын бөліктерге бөледі.
Бұл жаңашылдық даулы мәселелерді азайтып, салық заңнамасының біркелкі орындалуын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
