Медиа

Қонысбек Терекұлы, тележүргізуші: «Документалистика жанрында шамамды байқап көргім келеді»

«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады. «Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері Qazaqstan Ұлттық телеарнасының жүргізушісі, журналист Қонысбек Терекұлы.

— Қонысбек, сіз жүргізетін «Таңшолпан» бағдарламасы таңғы 7-де басталады. Ұйқыдан кемінде сағат 5-те оянатын боларсыз?

— Жетідегі эфир үшін сағат 02:50-де оянамын. Менде 5-10 минут жата тұрайыншы дейтін әдет атымен жоқ. Режим мен дисциплинаға келгенде өте қаталмын. Ерік-жігерім мықты. Өз бойымдағы ең жақсы көретін қасиетім — осы. Ұйқыдан ояна сала міндетті түрде жарты сағат таңғы жаттығу, жарты сағат бетіме, жақ сүйектеріме массаж істеймін. Ыстық-салқын су араластырып душқа түсемін. Әбден кептірініп, жұмысқа 60-70 минут жаяу жүріп жетемін. Жылдың төрт мезгілінде де солай. Ұйқым ашылып, бойда қан айналып, бет-аузымның ісігі басылады. Ойым мен миым тазарып, таза ауамен тыныстап барамын. Әрине, мұндай режимді ұстану оңай емес. Дегенмен мұның бәрі айналып келгенде жауапкершілік. Өзіме, көрерменге, біз үшін тақымын қысып отыратын кадр сыртындағы әріптестеріме деген құрмет.

— Үш болмай оянатын болсаңыз, нешеде ұйықтайсыз?

— Қандай жағдай, нендей себеп болмасын, эфирге шығатын күні сағат кешкі 7-8-де ұйықтап қаламын. Телефонға жауап бермеймін. Үйіме қонақ шақырмаймын, қонаққа бармаймын. Сырттан тамақ жемеймін. Өйткені астан ұшынып қалуым мүмкін. Салғырттықтан ауырып, артық сылтау айтқым келмейді. Басында режимімді қабылдай алмай, ренжігендер болды. Қазір туған да, дос-таныс та түгел түсінді. Егер кездескісі келсе, қонаққа шақырса немесе өзге де шаруасы болса, менің жұмыс графигімді біліп алады. Жұмыс күнінде тіпті балаларым да шулап, мазамды алмайды. Әріптестерім сірә үйренді. Қонақ, эфир, сценарийге қатыстының бәрін продюсер, сценарист, режиссер, қонақ редакторымен сағат 18:30-ға дейін талқылап боламыз. Әрі қарай байланысты ажыратамын. Есесіне ұйқым қанады.

— Тележүргізушілікті армандайтындар көп. Журналист боламын дейтін қыз-жігіттердің көпшілігі өзін болашақта экраннан көргісі келеді, танымалдықты қалайды. Лайфхактарыңыз болса, мархабат!

— Көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Болғысы келген адам болады, үйренгісі келген адам үйренеді. Ең алдымен «мені біреу тележүргізушілікке баулиды екен» деген балаң ойдан арылу керек. Өйткені, телеарна атаулы қыз-қыз қайнаған тіршіліктің ордасы. Ол балабақша да, мектеп те емес. Ол жерде саған мойын бұруға ешкімнің мұршасы болмауы да мүмкін. Сондықтан етің тірі болғаны жөн. Жақсы жүргізуші болудың маған аян бір құпиясы бар. Алдымен тілші болып көру керек. Қолыңа микрофон алып, түсірілімге шық. Мәтін жаз. Сюжет әзірле, халықтың ортасына бар, ауыл-аймақты арала, ел-жер көр. Адамдармен сөйлес, пікірлес бол, түрлі сала мамандары туралы материал жаса, арнайы репортаждар түсір. Қалауың жүргізушілік болса, онда осы жолдан өткенің өте пайдалы. Айналамда бірден жүргізуші болып, студияға топ ете қалған әріптестерім бар. Бір рет болса да түсірілімге шықпағаны, мәтін жазбағаны байқалып қалады. Әсіресе, спикерлерге сұрақ қойғанда қатты қиналады.

 

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші: «Қазір көп сөздің емес, дөп сөздің заманы»

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші: «Қазір көп сөздің емес, дөп сөздің заманы»


 

Елдің ортасына шықпаған, сыртта жүрмеген адам, түзде шыңдалмаған маман ешқашан мол тәжірибе жимайды. Тілшілік жолдан өтіп барып, жүргізушілікке келгенімнің пайдасы көп болды. Өзім қолданатын әдістерді айтсам, эфирге дайындықсыз шықпаймын. Білімім мен импровизацияға сеніп сұхбат алмаймын. Студияға келетін қонақ туралы туралы жан-жақты ізденемін. Күнара эфирге шыққан соң уақыт тығыз. Соған қарамастан, спикер туралы жарық көрген материал, сұхбаттарды ерінбей оқып, көріп шығамын. Бірақ бұрын еш жерде айтылмаған, тың сұрақ қоюға тырысамын. Уақыт тауып, қонақтың айналасындағы адамдарға (туысы, бауыры, кластасы, досы, әріптесі, көршісі) хабарласып, кейіпкерімді аша түсетін қызықты ақпаратты біліп аламын. Оқушы күнімде класс жетекшім “Жерде жатқан бір жапырақ қағаз көрсең де, аттап өтпей, бұл не қағаз екен деп ішіндегісін оқыңдар. Әр сөз — ақпарат. Кейін кәдеңе жарайды” дейтін. Айтқаны рас екен. Ат басындай алтын берсе де мен бұзбайтын бір қағида бар. Хайп немесе рейтинг үшін ешқашан адамның ар-абыройы мен жеке өмірі, отбасы туралы сұрақ қоймаймын. Этика нормалары мен халықаралық хартия заңдылықтарынан аттамаймын.

— Білуімше, сіз Астанаға Ақтөбеден қоныс аударғаннан кейін Qazaqstan Ұлттық телеарнасының жаңалықтарын жүргіздіңіз. Жаңалықтар мен таңғы бағдарлама — екі бөлек әлем. Жылдам бейімделіп кеттіңіз бе?

— Жасыратыны жоқ, кезінде “Таңшолпанға” ауысу туралы ұсынысты ықылассыз қабылдағаным рас. Қазір жобаны жақсы көремін. Редакциядағы әр әріптестің орны бөлек. Бәрі таңғы хабар үшін жаралғандай көрінеді. Үнемі жайсаң көңіл күйде жүреді. Жұмысқа әріптестерді көру үшін асығып жетемін. Оның үстіне мен астанаға аймақтан барған кадрмын. Еңбек жолымды 19 жасымда Ақтөбе облыстық теледидарынан бастадым. Отқа салса жанбайды, суға салса батпайды деген теңеу Астанаға аймақтан барған тілшілер туралы айтылғандай. Өйткені облыстық телеарналарда кадр тапшы.

 

Ақбаян Сұлтанмұратова — медиадағы атақтар, тапсырыспен қаралау, фактчек пен дата-журналистика жайлы

Ақбаян Сұлтанмұратова — медиадағы атақтар, тапсырыспен қаралау, фактчек пен дата-журналистика жайлы


 

Аймақтағы тілшілер өзі редактор, өзі продюсер, өзі режиссер, тіпті кейде оператор да бола салады. Осының бәрінен өткеннен кейін ештеңеден қорықпайсың. «Таңшолпанға» ауыспас бұрын “таңғы хабарды жүргізудің несі өнер” деуші ем. Қатты қателесіппін. Күн сайын үш сағат бойы тікелей эфир жүргізу оңай емес. “Таңшолпанды” үш жүргізуші бірге тізгіндейді. Әрқайсысының өзіне тән мінезі бар. Оның үстіне студияға түрлі қонақ келеді. Олардың да қас-қабағын бағып, көңілін табу да оңай емес. Тікелей эфирдің стресі, форс-мажор, түрлі ситуациялар өз алдына бөлек әңгіме. Сыртқа соның бірін білдірмей, жігін жатқызу жүргізушінің міндеті. Осының бәрі, бірінші кезекте, денсаулыққа кері әсер етеді. Стреске төзімді болмасаңыз, тележүргізушілікке жоламағаныңыз жөн. “Таңшолпан” – тәуелсіздік алған жылдан бастап әлі күнге эфирден түспей келе жатқан бірден-бір бағдарлама. Кезінде Шерхан Мұртаза тұсауын өзі кесіп, атау берген тарихи жобаның мүшесі болғанымды, телеарнаның беташар бағдарламасының бір тізгіншісі екенімді мақтан тұтамын.

— Эфир, сайт, газет дегендер ешқашан толмайтын құдық сияқты. Сол себепті журналистер мен тележүргізушілердің арқаны кеңге салатын кезі сирек. Қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?

— Қазір нон-фикшн жанрында жазылған кітаптар мен Netflix стриминг сервисіндегі түрлі деректі фильмдерді көріп жүрмін. Болашақта документалистика жанрында өз шамамды байқап көргім келеді. Медианарықтың сұранысы, қазіргі талабы, идея, креатив, алабөтен ойлау дағдыларын өз бетімше меңгеріп жүрмін. Сонымен бірге медиадағы жасанды интеллект, оны қалай игеру керек, соны оқып бастадым. Туризм саласы да ерекше қызықтырады. Әзірге YouTube хостингінде баламасы жоқ жоба ойластырып қойдым. Басымда “пісіріп” жүргеніме шамамен 7-8 жыл болды. Іске асыратын уақыты да енді келген сияқты. Қазір саланың қыр-сырын барымша зерттеген болып жүрмін. Тіпті, келешекте осы саланың оқуына түсу ойым бар. Жалпы менің журналистикада, әсіресе, тақырыптық бағытта көп жұмыс істегенімнің өзі осындай бір үлкен жолға әкеле жатқандай көрінеді. Арық айтып, семіз шық дейді ғой. Сондықтан басқасын уақыт еншісіне қалдырдым.

— Ойға алғаныңыз орындалсын! Сұхбатыңызға рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *