Назарларыңызға масс-медиа туралы заң жобасындағы басты жаңашылдықтар мен өзгертулерге шолуды ұсынамыз. Естеріңізге сала кетейік, құжатты Мәжіліс депутаттары мақұлдап, қазір ол Сенатта қаралып жатыр.
- Ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау істері бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бір жылды құрайды (38-бап).
- Ресми сауалға жауап беру мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқартылды (36-бап)
- Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөнінде бап пайда болды — жергілікті уақыт бойынша сағат 16-00 – 22-00 аралығында кем дегенде жаңалықтар сипатындағы бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитр түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі (12-бап)
- Мемлекеттік тілдегі отандық теле-, радиобағдарламалардың апталық көлемі:
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жалпы көлемнің 55%-ынан кем болмауы тиіс;
2027 жылдың 1 қаңтарынан – жалпы көлемнің 60%-дан кем болмауы тиіс (5-3-бап)
- Ақпараттық агенттік басқа интернет-ресурстармен бірге интернет-басылым құрамына енді (19-бап)
- Интернет-басылымның меншік иелері тіркеу жөніндегі куәлікті алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде хабарламалар мен материалдарды таратуды бастауы керек (22-бап)
- Жеңілдетілген аккредиттеу тәртібі – бірыңғай медиа платформасы арқылы БАҚ және олардың журналистерін аккредиттеу картасын беру арқылы автоматтандырылған аккредиттеу процесі енгізілуде (28-бап)
- Журналистің міндеттері тізімі екі жаңа тармақпен толықтырылды:
— ерекше маңызды мемлекеттiк және стратегиялық объектiлерге бару кезiнде қолжетiмдiлiк пен алаңдағы режимдерге қойылатын белгiленген талаптарды сақтауға;
— кәсіби этика нормаларын (этикалық мінез-құлық) сақтауға (26-бап) міндетті.
- Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтіру әдістері мен оған шақыру туралы ақпаратты таратуға және орналастыруға тыйым салынады (11-бап)
- «Журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктері» (БАҚ өкілі) жаңа бабы БАҚ меншік иесін журналистің денсаулығы мен өміріне жоғары қауіп төндіретін жағдайларда қажетті құрал-жабдықтармен және киім-кешекпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ келтірілген залалды өтеуге міндеттейді (27-бап).
- Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мемлекеттік сатып алу жүйесінен алынып тасталды (3-4-бап)
- Гранттар мемлекеттік емес БАҚ-қа (оның ішінде балаларға арналған контент өндіруге және өңірлік мерзімді басылымдарды дамытуға) беріледі. Мемлекеттік тілдегі гранттардың көлемі гранттардың жалпы жылдық көлемінің кемінде үштен екісін құрауы тиіс (33-бап).
- Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес гранттар беру және іске асыру рәсімдерінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етеді (33-бап).
Мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі республикалық комиссияның құрамына БАҚ саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мүшелердің жалпы санының кемінде үштен бірінің қатынасы негізінде тартылады (32-2-бап).
Шетелдік БАҚ пен шетелдік журналистерге тиісті аккредитациясыз кәсіби журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының СІМ шетелдiк БАҚ өкiлдiктерiн аккредиттеуден бас тартуға құқылы және мұны өзi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады (30-бап).
- БАҚ қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі әлеуметтік-кәсіптік кеңестер медиа саласын дамыту мақсатында қоғамдық негізде құрылады және кәсіби БАҚ өкілдерінен құрылады. Кеңестердің негізгі қызметі – Журналистердің этикалық кодексін әзірлеу. Кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдардың міндетті түрде қаралуына және жауап қайтарылуына жатады (41-бап).
Заңда сонымен қатар жаңа түсініктер пайда болды:
- Масс-медиа мониторингі – масс-медиа өнімін Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ қоғамның ұнамдылық дамуына зиянын тигізетініне және жалпыадамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты жинау және талдау процесі; (1-бап)
- ақпараттық егемендік – ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда азаматтардың қоғамдық-саяси дербестігін айқындайтын Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің дербестігі;
- Интернет-басылым — ақпараттық агенттiктi қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бұқаралық ақпарат құралы ретiнде уәкiлеттi органда тiркеу рәсiмiнен өткен интернет-ресурс.
- бірыңғай медиа-платформа – мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе;
- журналистің ерекше мәртебесі — журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрау салу, алу және тарату кезіндегі кеңейтілген құқықтарын, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де арнайы құқықтарды қамтамасыз ететін журналист мәртебесі.
Дереккөз: Құқықтық медиа орталығы