«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады. «Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері тележүргізуші, журналист Азамат Әбілқайыр.
— Азамат, ең алғашқы кітабың жарыққа шығыпты. Құтты болсын! Ақыннан оқырман әдетте жыр жинағын күтеді. Сен Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов туралы кітап шығарыпсың. Әлі қолымызға тие қоймады. Жаңа кітап туралы өзің айтып берші?
— Менің алдымда екі түрлі таңдау тұрды. Өлең кітабымды басу немесе балаларға арналған кітап шығару. Екіншісін таңдадым. Шүкір, қазақ поэзиясы дамып жатыр. Менің бір жинағыма зәру емес шығар деп ойлаймын. Керісінше, балалар әдебиетінде есеміз кетіп жатыр. Сондай ниетпен әрі спортшының атын өшірмеу мақсатында “Бекзат Саттарханов кім?” кітабын жазуға отырдым.
Кітапта Сидней төрінде ел абыройын асырған Бекзат Саттархановтың қызықты да қиын өмір жолы, саналы ғұмырындағы қазақ бокс стилін қалыптастыруға қосқан үлесі, ел үшін еткен ерен еңбегі дәріптеледі.
Бекзат Саттарханов жайлы кітап бір ай жазылды. Боксшы туралы жазған авторлардың осы күнге дейінгі еңбектерін сүзіп шықтық. Анасының, бауырларының, достарының естелігі негізге алынды. Анасы демекші, Сырлыгүл апаға қолжазбаны бірнеше рет жіберіп, тексертіп отырдық. Жалған мәлімет, бөспе сөз, пафос қосылмауына қатты мән бердік.
— Кітапты өз қаржыңа шығардың ба?
— Жеке баспахананың қаржысына жарық көрді. Тапсырыс берушілер кітап авторына яғни, маған қаламақы төледі. Ең үлкен олжамыз — кішкентай оқырманның кітапханасы толықты.
Дәл қазір біздің қоғам үшін балалар әдебиетін қолдау және оны мультипликацияға айналдыру да өте өзекті. Балалар контенті байқай білген адамға — өте күшті қару. Әрі идеологияңның ұпайын түгендеп береді. Дәл қазір менде дайын шығармалар бар. Оны жарыққа шығаратын қаражат жағы қиындау болып тұр.
Біле-білгенге мың мүшәйраңнан, жүз байқауыңнан гөрі осындай өміршең жобалардың қайтарымы мол болмақ. Әйтпесе, «Баланың тілі неге орысша шығады?», «Неге орыс мектебіне барады?» деп даурыққанымыз даурыққан. Нақты іске кіріспесек, қалғанының бәрі далбаса.
Аңғарғаным, балалар әдебиеті қымбат жанр. Осы себептен де балдырғандарға арналған шығармалар қолжазба күйінде қалып жатыр.
Балалар әдебиеті — қымбат жанр дегенімнің себебі бар. Бұл роман немесе поэзия жинағы емес. Балаға арналған еңбекті сол күйі баспаға беріп, мұқабасын реттеп, әп-сәтте кітап қылып шығара алмайсың. Оның тіліне, табиғатына сай келу, келмеуі өз алдына визуалды түрде қабылдауы үшін иллюстрацияның атқарар рөлі орасан зор. Баспадан шыққан соң сату мәселесі тағы бар. Баспагер де желінгісі келмейді. Бизнес ешқашан ешкімге есе жіберген емес.
Бізде баспагер бір жақта, суретші басқа жақта, жазушы өз бетімен жүр. Бұлай болғанына олар кінәлі емес. “Анау неге бүйтпейді” дейтін дүрдазардықты емес, ымыраны қолдайтын уақыт келді. Мұның бір шешімі бар: осы үштікті біріктіретін ауқымды мәдени жобалар керек.
— Азамат, сені жұрт ең алдымен тележүргізуші деп таниды. Қазір 24kz телеарнасындасың. Бұл — мемлекеттік тапсырыстан қыруар қаржы алатын арналардың бірі. Үлкен ұжым үшін жауап бере алмассың, әрине. Алысқа бармай-ақ, өзің жүргізетін «Сұхбат» бағдарламасы туралы айтайықшы. Көрермен бұл бағдарламадан обьектив әрі сапалы дүние алып отыр ма?
— Көрерменнің алдында жүзім ақ болсын деп қолымнан келгенінше тырысып жүрмін. Өйткені кез-келген контент жүргізушінің кескін-келбетін көрсету үшін емес, ең алдымен көрермен үшін, көрерменді ақпараттандыру үшін әзірленеді.
Өз басым шынайылықты қатты бағалаймын. Эфирде шынайы болу көп нәрсенің шешімі. Өмірде қандайсың, тап солай болған жөн. Мұным туған-туыс, дос-жаранның ортасындағы, сырттағы әңгімені, эмоцияны эфирге алып шық дегенім емес. Тек “әдемі көрінемін бе”, хас сұлу болып тұрмын ба”, “эфирде қалай жарқырасам” деп жүзіңе, шашыңа, қас-кірпігіңе көңіл бөліп, ішкі ахуалыңды ұмытып кетуге болмайды. Жасандылық жарға жығады.
Тікелей эфирде салқынқанды болу да маңызды. Эмоцияңды танып, оның басқара білген жөн. Мысалы, бірде туысымның қайтқанын дәл эфир басталатын кезде естіртті. Не істейсің? Жылайсың ба? Жоқ. Саналы түрде өз-өзіңді басқарасың.
Бұдан бөлек күніге әртүрлі ақпаратты оқисың. Соның бәрін іштей сүзгіден өткізу керек. Мәселен, Қаңтар оқиғасы мен үшін моральды түрде өте қиын болды. Дәл сол аптада эфирге шақыртып алды. Қанша жерден қабылдамайын десең де ақпарат атаулының жан-дүниеңе ықпалы бар. Күйзелгенім сонша Қаңтар оқиғасынан кейін бір айдан астам психологқа жеке жазылып, терапия қабылдадым.
— Мемлекеттік БАҚ-тың қызметкері Қаңтар оқиғасынан соң психолог көмегіне жүгінсе, ол тектен-тек емес шығар. Құпия болмаса, тарқатып айтып бересің бе?
— Мен бұл сұрақты жауапсыз қалдырайын. Уақыты келгенде айтармын, ренжіме.
— Жақсы, қалауың білсін! Тележүргізуші болғысы келетін іні-қарындастарыңа айтарың бар ма?
— Желіде “үш күнде дауысыңды қойып беремін”, “Бір аптада тележүргізуші қылып шығарамын” деген курстар көп. Үш күнде, үш аптада, тіпті үш айда дауыс қою мүмкін емес. Ол орасан зор еңбек. Егер осынша аз уақытта эфир, не сахна дауысын қою мүмкін болса, актерлер 4-5 жыл оқып әуре болмас еді. Бәрі ұзақ еңбектенумен, ізденумен, тәжірибемен келеді.
Көп сөздің заманы өтті. Қазір дөп сөздің заманы. Сондықтан эфирде беталды, тоқтаусыз сөйлей берсем тележүргізуші боламын деу қате. Сөйлеген кезде тіл мен жақтан өзге кеуде мен мойындағы жүздеген бұлшықет жиырылады. Оның әрбіреуі мыңдаған талшықтан тұратын түйін. Оның бәрін басқару үшін жүгірген кездегіден анағұрлым көп нейрон жұмсайды екенбіз. Ендеше неге бос сөйлеуіміз керек?
Мен білетін өте бір қарапайым жаттығу бар. Жан-жағыңызға қараңыз да көзіңізге ілінген бір нәрсеге тоқталыңыз. Ол жарықшам болуы мүмкін, мейлі шанышқы болсыншы? Енді алдағы 10 минут бойы шанышқы туралы әдеби тілмен әдемілеп жеткізуіміз керек. Бастапқыда «шанышқы туралы 10 минут бойы не айтуға болады?» деп қиналуыңыз мүмкін. Бірақ уақыт өте, тәжірбие жинай келе азабыңыз жеңілдей түседі.
Мысалы, галстукті алып қарайық. «Галстук — ер адамдардың гардеробындағы маңызды деталь», «Галстук таңдағанда түсі ғана емес, матасына да мән берген жөн», «Жейде мен галстуктің принті бірдей болмағаны дұрыс», «Ресми костюмдерге дәстүрлі галстуктер үйлеседі», «Костюм мен галстуктің стилистикасы бір-бірінен алшақ кетпеуі керек», «Галстуктің реңкі костюмнен сәл ашықтау болады» деп тоқтаусыз сөйлей бересіз. Галстуктің орында кез-келген нәрсе болуы ықтимал.
Бастапқыда аузыңызға сөз түспейді. Уақыт өте межелі уақыттан қалай асып түскеніңізді байқамай қалатын боласың.
Бұл жаттығу лексиконыңызды қажетсіз «қоқыстан» арылтып, таза әрі сауатты сөйлеуге дағдыландырады. Жадыңыз жаттығады. Ал мұның бәрі тележүргізуші үшін өте маңызды.
Кейбіреулер тележүргізушілікті ойыншық көріп, интервьюді ең оңай жанр деп санайды. Мүлдем олай емес! Көп қырлы, жауапкершілігі зор жанр. Жақсы интервью үшін тактика керек, стратегия керек, білім керек. Ал ол телевидениедегі интервью болса, жауапкершілігі тіпті арта түседі. Сондықтан қыз-жігіттерге сәттілік тілеп, үнемі ізденіс үстінде бол дер едім.
— Саған да сәттілік тілеймін! Сұхбатыңа рахмет!