Aqtobe Day Әлеумет

«Ит атып, тергеуші болып кеттік»: Ақтөбелік әкім Тоқаевқа ауылдағы шындықты айтты

Бүгін ауыл әкімдерінің форумында Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов мінберге шығып, ауыл басшыларының қордаланған мәселелерін Президентке тікелей жеткізді, деп хабарлайды «Тілші».

Халықтың таңдауымен сайланған әкім ауыл басшыларына жүктелген міндеттер мен нақты мүмкіндіктер арасындағы алшақтықты ашық айтты.

«Әкім бе, әлде тергеуші ме?»

Медет Бекжановтың айтуынша, қазіргі таңда ауыл әкімдері өз міндетіне жатпайтын жұмыстармен айналысуға мәжбүр. Заң бойынша оларға 40-қа жуық құзырет берілгенімен, іс жүзінде одан да көп.

«Ашық айтсам, бізді заңсыз мал жою немесе жол-көлік оқиғалары үшін әкімшілік айыппұл салуға міндеттейді. Шын мәнінде әкімдерден тергеу мен іздестіру элементтерін жүргізу талап етіледі. Сонымен қатар, әкімдер қаңғыбас жануарларды ұстау, тіпті оларды ату сияқты мәселелермен айналысуға мәжбүр», — деді Тәңірберген ауылының әкімі.

Осыған орай, ол ауыл әкімінің құзыреттерін қайта қарауды ұсынды.

Бюджет тапшылығы

Екінші күрделі мәселе — қаржының жетіспеушілігі. Әкімнің сөзінше, ауылда кәсіпорындар жұмыс істегенімен, салықтың негізгі бөлігі  аудан мен облыс бюджетіне кетіп қалады.

«Қарапайым мысал, мен басқаратын округте 70-тен астам бизнес субъектісі және 5 ірі кәсіпорын бар. Бірақ ауыл бюджетіне түсетін кіріс өте аз. Қазіргі таңда кірісіміз 16 миллион теңгені құраса, қажеттілік 54 миллион теңге. Айырмашылық өте үлкен. Инфрақұрылым мен әлеуметтік саланың жүктемесі бізде, ал ресурстар жоғарыға кетеді», — деп қынжылды Бекжанов.

Ол салықтардың кем дегенде бір бөлігін ауылда қалдыруды сұрады. Бұл ауылдың дамуына нақты серпін бермек.

Халыққа есеп емес, нәтиже керек

Сонымен қатар, ақтөбелік әкім қазіргі бағалау жүйесін  сынға алды. Оның пікірінше, халық әкімнің жұмысын қағаздағы көрсеткішпен емес, нақты өзгерістермен бағалайды.

«Тұрғындар судың, жолдың, жұмыс орнының болуына және табыстың артуына мән береді. Әкімді қағаздағы есеп емес, халық күнде көріп жүрген нақты іс бағалауы тиіс», — деп түйіндеді сөзін Медет Бекжанов.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгінгі жиында ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда аудан әкімдерін сайлау тоқтатылуы мүмкін: Тоқаев жаңа тапсырма берді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *