Саясат

Қазақстанда аудан әкімдерін сайлау тоқтатылуы мүмкін: Тоқаев жаңа тапсырма берді

Фото: Ақорда

Бүгін, 28 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог алаңында сөйлеген сөзінде еліміздегі сайлау жүйесіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Президент аудан әкімдерін тікелей сайлаудың артықшылықтары мен кемшіліктерін мұқият таразылауды тапсырды.

Мемлекет басшысы осыдан бес жыл бұрын, 2020 жылғы Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау бастамасын көтергенін еске салды. Нәтижесінде бүкіл ел бойынша 2334 ауыл әкімі сайланған. Олардың орташа жасы — 43 жас. Алайда, қазір аудан әкімдерін сайлау мәселесі қоғамда түрлі пікір туғызып отыр.

«Халық сайлаудан шаршады»

Президенттің айтуынша, Ерлан Саиров, Альберт Рау және Мархабат Жайымбетов бастаған бір топ депутаттар аудан әкімдерін сайлау қажеттілігін қайта қарауды ұсынған.

«Олар елде сайлаудың тым жиілеп кеткенін, азаматтардың саяси науқандардан шаршай бастағанын алға тартады. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап отыр. Сондай-ақ, сайлау науқандары жергілікті жердегі нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген де уәж бар. Бұл пікірді ескеру қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

52 әкімнің жұмысы сараланады Бүгінгі таңда пилоттық жоба аясында елімізде 52 аудан әкімі тікелей дауыс беру жолымен сайланған. Енді олардың жұмыс нәтижесіне талдау жасалатын уақыт келді.

«Мәселе аудан әкімдерін міндетті түрде сайлауда емес, негізгі мақсат – оң нәтижеге қол жеткізуде. Үкімет Парламент депутаттарымен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты қарастырып, әділ әрі дұрыс шешім қабылдауы тиіс. Бастысы, әрбір реформа байыппен жүзеге асырылуы керек», — деп атап өтті Президент.

Демек, алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлау тәртібі өзгеруі немесе тоқтатылуы ғажап емес.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстан Мәскеуге дрон шабуылы жиілеген тұста әуе компанияларға қауіпті бағамдауға кеңес берді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *