Астанада 8–12 желтоқсан аралығында өтетін жас теміржолшылар форумына қатысуы тиіс болған ақтөбелік белсенді, жолсерік-блогер Қуаныш Жеткерген күтпеген жерден шара тізімінен алынып қалғанын хабарлады.
Айтуынша, ол форум аясындағы жайдарман бағдарламасына дайындалып жүрген. Алайда шараға санаулы күн қалғанда басшылық тарапынан «форумға шақырмаңдар» деген тапсырма түскені жөнінде ақпарат алған.
«Мен ҚТЖ-да 8 жылдан бері жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде талай әділетсіздікті көрдім. Қол қусырып отырмай, әлеуметтік желіде заңсыздықтарды көрсетіп келемін. Соның бірі — 5 млн теңге пара алып, жұмысқа адам орналастырған басшылық өкілінің ісі», — деп жазды ол желіде.
Филиал атынан түрлі шараларда жайдарман ойнап жүрген Қуаныш Астанадағы форумда да өнер көрсетуі керек болған. Бірақ оның сөзінше, ешбір түсініктеме берілмей, шараға қатысушылар қатарынан шығарылған.
«Тілші» ҚТЖ-ға сауал жолдап, Ұлттық компанияның осы жайтқа қатысты пікірін білгісі келеді.
