Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық байланыс жаңа деңгейге шықты — ERG Exploration компаниясы көрші елде геологиялық барлау жобаларын іске асыруға ниетті. Бұл туралы 29 қазанда Шымкентте өткен Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумында белгілі болды, деп хабарлайды «Тілші».
Форум барысында екі елдің кәсіпкерлері мен мемлекеттік органдары арасында 15 құжатқа қол қойылды, олардың жалпы құны 303 миллион АҚШ долларын құрайды.
Вице-премьер Серік Жұманғарин форумда сөйлеген сөзінде Ауғанстанның Қазақстан үшін Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктес екенін атап өтті:
«Біздің елдер арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық айтарлықтай әлеуетке ие. Біз тек екіжақты форматта емес, аймақтық деңгейде де өзара тиімді жобаларды іске асыра аламыз», — деді ол.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 545,2 миллион долларды, ал 2025 жылдың сегіз айында 335,9 миллион долларды құраған. Бұл ретте қазақстандық бидай экспорты 2,9 есеге, күнбағыс майы – 3,1 есеге артқан, сондай-ақ мұнай өнімдері мен жүк көліктерінің жеткізілімі екі еселенген.
Геологиялық барлау бағыты
Аталған форум алдында, көктемде Қазақстан делегациясы вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығымен Кабулге сапар жасап, «Қазатомөнеркәсіп» пен Kazakhmys компаниялары екі бірдей геологиялық миссия өткізген. Миссия барысында бериллий мен қорғасынның перспективті кен орындары зерттелді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде «Қазақмыс Барлау» компаниясы (Kazakhmys-тың еншілес ұйымы) Ауғанстанның Лагман провинциясында барлау жобасын ресми түрде бастаған.
Ал ERG Exploration компаниясы қазір ауған тарапымен геологиялық деректер алмасу және ынтымақтастықты нақтылау бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
«Қажетті зерттеу кезеңдері аяқталған соң, ERG Ауғанстандағы барлау жобаларына қосылуды жоспарлап отыр», — делінген компанияның ресми хабарламасында.
Компаниялар туралы
ERG Exploration — Еуразиялық Топтың (ERG) құрамындағы геологиялық барлау кәсіпорны. Компания 2021 жылы құрылған және минералдық ресурстарды іздеу мен игеруге маманданған.
ERG құрылтайшыларының үлесі келесідей:
- ҚР Қаржы министрлігі – 40%
- Патох Шодиев – 18,6%
- Марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлері – 20,7%
- Ибрагимовтар отбасы – 20,7%
Топтың қазіргі басшысы — Шухрат Ибрагимов, 39 жаста, ол Директорлар кеңесінің төрағасы әрі басқарма төрағасы қызметін атқарады.
ERG құрамына Қазақстандағы ірі кәсіпорындар кіреді:
«Қазхром», ССКӨБ, «Қазақстан алюминийі», ҚЭЗ, ЕЭК және басқа өнеркәсіптік активтер.
Ал Kazakhmys Барлау компаниясы 2018 жылы құрылған және қазіргі таңда Ауғанстандағы кен орындарында бериллий мен қорғасынның қоры мен сапасын зерттеп жатыр.
Kazakhmys тобының 70% үлесі Владимир Кимге, ал 30% үлесі Эдуард Огайға тиесілі.
