Tilshi Podcast-тың кезекті шығарылымында Ақтөбе радиожурналистикасының «алтын дәуірінің» өкілі, бүгінде табысты кәсіпкер және көпбалалы ана Жанаргүл Досова қонақта болды. 101.4 FM толқынындағы сыңғырлаған дауыс иесі микрофонды неге бизнеске айырбастады? Танымалдылық пен қаржылық қиындық қатар жүрген жылдар, Дубайдағы тәуекел және махаббат хикаясы – подкасттың ең қызықты тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.
«Алтыбақан», 13-раунд және миллиондаған қаралым
Жанаргүлдің радиоға келуі кездейсоқтық емес, тағдыр еді. 17 жасында оқуға түсе алмай күйзелісте жүрген бойжеткенді әжесінің бір ауыз сөзі «Рауан» радиосына жетелеп әкеледі. Ал нағыз танымалдылық «Ақтөбе» радиосындағы «Алтыбақан» жобасымен келді.
«Әріптесім Нұрболат екеуміз бір-бірімізді қас-қабақтан түсінетінбіз. Мәтінсіз, таза импровизациямен эфир жүргіздік. Эфирдегі менің еркін күлкім ол кездегі стереотиптерді бұзған жаңалық болды», – деп еске алады Жанаргүл.
Олар жай ғана сәлем жолдаумен шектелмей, радионы шоуға айналдырды. «13-раунд» хит-шеруінің қорытынды концерті Студенттер сарайында аншлагпен өтетін.
Тағы бір қызық дерек: әлеуметтік желілерде Күләш Ахметованың өлеңін оқыған видео 15 миллионнан астам қаралым жинаған. Көпшілік сол дауыстың иесі Жанаргүл екенін біле бермейді.
«Ол кезде мен ажырасып, жаны жаралы күйде жүрген едім. Сол іштегі өкпе-реніш пен мұңды өлеңге салып оқыдым. Бұл жай ғана оқу емес, жүректен шыққан айқай еді», – дейді кейіпкер.
«Жұлдыз» ауруы және бос қалта
Сырт көзге жарқыраған өмірдің ішкі жағы басқаша еді. Жанаргүл телеарнаға ауысып, танымалдылығы артқанымен, қаржылық жағдайы мәз болмаған.
«Эфирде жұрт танитын жұлдызсың, бірақ үстіңдегі әдемі пиджакты 3-4 айға қарызға алып киесің. Осы жалғандықтан шаршадым», – деп ағынан жарылды ол.
Жалғызбасты ана ретінде ол күні-түні жұмыс істеп, қызының қалай өскенін байқамай қалған. Таңғы 5-те кетіп, түн ортасында келетін анасы үшін дабыл қаққан сәт – қызының мінез көрсете бастауы болды. Сол кезде Жанаргүл өмірін өзгертуге бел буады. Желілік маркетингтегі алғашқы қадамдары оған «сату – ұят емес» деген қағиданы үйретті.
Дубай және MediaPro-ның құрылуы
Бетбұрыс сәті 2014 жылы болды. Жанаргүл тәуекелге барып, 7 күнде демеуші тауып, командасымен Дубайға тележоба түсіруге аттанады. Бұл жоба оған өзінің кәсіпкерлік әлеуетіне деген сенім сыйлады.
2015 жылы ол тұрақты жұмыстан кетіп, балаларға арналған MediaPro шығармашылық орталығын ашты.
«Ол кезде қаладағы үйірмелер 7-8 мың теңге тұратын. Мен сапа мен жағдайды ұсынып, бірден 15 мың теңге деп баға қойдым. Нәтижесінде кастингке 65 бала келді! Ата-аналар жертөледегі емес, жарық әрі жайлы жердегі сапалы білімге ақша төлеуге дайын екенін түсіндім».
Бизнес және махаббат
Кәсібін кеңейту мақсатында Жанаргүл үлкен тәуекелге барып, 720 шаршы метрлік ғимаратты жалға алады. Қорқынышты жеңу және білімін жетілдіру үшін ол «Бизнес Молодость» курсына жазылады. Дәл осы бизнес орта оған тек білім ғана емес, өмірлік серігін де сыйлады. Оның жолдасы сол кездегі Ақтөбедегі куратор болған екен.
Бүгінде Жанаргүл Досова – табысты кәсіпкер, блогер және бақытты көпбалалы ана.
Сұхбаттың толық нұсқасын Tilshi Podcast-тан тамашалай аласыздар!
