Ақтөбеде жергілікті жұрт «Сұлушаш емші» деп танитын Сұлушаш Қазбаева ұсталды. Ол кемінде 30 адамды гипнозбен арбап, миллиондаған теңге несие алдыртқан. Қазбаеваға «Алаяқтық» бабымен айып таққан Ақтөбе полициясы әзір келтірілген шығын көлемін нақты айта алмай отыр.
«Сұлушаш емшіден» зардап шеккендердің басым көпшілігі — әйел адамдар. Айтуларынша, дертіне дауа іздеп барып, миллиондаған қарызды арқалап қайтқан.
Сәрсенбі, 22 қаңтар күні Ақтөбе облыстық прокуратурасына барған зардап шегушілердің бір-үш миллион, енді бір-екі миллион теңге несие төлеп отырғанын айтқан. Зардап шегушілердің бәрі несиені гипноз кезінде еркінен тыс рәсімдегенін айтады.
— Емге барған едім. Кіргеннен басым айнала бастады. Басымды ұстап тұр едім, Сұлушаш «ауырып тұрсың ғой» деп емдей бастады. Бір есімді жисам, «басыңды оңға бұр, солға бұр» деп тұр екен. Сол кезде Каспиден несие алып жатқанымды білдім. Бірақ гипноздың әсерінен қарсылық таныта алмадым. Сұлушаш менің атыма бір миллион теңге несие рәсімдеген. Банктен түскен ақшаны дереу өз телефонына аударып алды, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Алмагүл Хасанғалиева.
Бес баланың шешесі Райхан Зарлықова да қазір ұл-қыздарының аузынан жырып, банкке несие төлеп отыр. «Бар тапқаным несиеге кетеді. Балаларым аш құрсақ жүр» деп жылады ол.
«Сұлушаш емшіге» арбалғандар арасында туыстары, ауылдастары да бар. Өзін Қазбаеваның «рулас жеңгесімін» деп таныстырған Күлзипа Төремұратова гипноз кезінде «емшіге» банктен үш миллион теңге алып берген.
— Телефонымды алып олай сөйлесті, бұлай сөйлесті. Қой десем қоймады. Суретке түсірді. Сосын «үш миллион шықты» деді. «Банк қалай үш миллион береді? Менің ай сайынғы кірісім 120 мың теңге ғой» деп таң қалдым. Айтып-айтпай не керек, сол ақшаны өзіне аударып алды. Мен сиқырланып қалғандай Сұлушаштың үйінен айналшықтап кете алмадым, — дейді Күлзипа Төремұратова.
«Гипноз» сөзі ежелгі грек тілінен аударғанда «ұйқы» деген мағынаны білдіреді. Гипноз жасаушы адамның ерік-жігерін шектеп, өз еркіне бағындырады. Ем іздеп барып, арбалған бір топ адам Сұлушаш Қазбаеваның үстінен шағым айтып, прокуратураға барғаннан кейін 22 қаңтар күні Ақтөбе полициясы «емшіні» Жүргенов көшесіндегі үйінен ұстап әкетті.
Жеке үйдің қақпасындағы тақтайшаға қарағанда, Қазбаева сенбі, жексенбіден өзге күндердің бәрінде түске дейінгі уақытта кісі қабылдаған. Тақтайшадағы жазудың өзі бірден күмән туғызады. Бірақ оған «басы ауырып, балтыры сыздағандар» аса мән бермеген сыңайлы.
Өзін «Дүниежүзі мен Қазақстан Республикасының құрметті әрі кәсіби емшісі», «Шығыс халық медицинасының магистрі» деп атайтын Сұлушаш Қазбаева кім? «Тілші» бұл сауалды Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығына қойған болатын.
Қауымдастық Ақтөбеде ондай емшінің барынан бейхабар болып шықты. Яғни, Сұлушаш Қазбаева отыз жылдан астам тарихы бар қоғамдық ұйымның мүшелігінде болмаған.
— Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығына Ақтөбе облысынан 29 адам мүше. Олардың арасында Сұлушаш Қазбаева жоқ. Қауымдастыққа мүше емшілер жыл бойы түрлі іс-шараларға қатысып, өзара тәжірбие алмасады, біліктілігін арттырады. Қауымдастықтың жарғылық мақсат-міндетін толық орындаған емшілердің куәлігі жыл басында жаңартылып тұрады. 2024 жылдың қортындысы бойынша қайтыс болған, қауымдастықтың талаптарын орындамаған, үстінен шағым түскен 100 шақты емші мүшелектен шығарылды. Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығына мүше азаматтар рухани сауықтырумен, емшілікпен ғана айналысады. Оларға гипноз әдісін қолдануға рұқсат етілмейді. Өйткені бұл — заңсыз әрекет, — дейді Қазақстан халық емшілері қауымдастығының жауапты хатшысы Жанболат Сәрсенбай.
Ашық дереккөздегі мәліметтерге қарағанда, 50 жастағы Сұлушаш Қазбаева мемлекеттік кірістер басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастағанына биыл 25 жыл болған.
Тіркеу куәлігінде кәсіпкер Қазбаеваның негізгі қызметі «денсаулық қорғау» деп көрсетілген.
Бейсенбі, 23 қаңтар күні Ақтөбе полициясы Сұлушаш Қазбаеваның үстінен «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Әзірше «емшінің» үстінен отыз адам шағым жазған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында.