Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе облысында тұрғын үйлерге жылу қашан беріледі?

Фото: freepik.com

Қазірдің өзінде түнде термометр көрсеткіші –3°C-қа дейін түсіп жатыр. Осыған орай «Ақтөбе ЖЭО»-да облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалығымен жылыту маусымына дайындық бойынша көшпелі кеңес өтті. Тапсырма – жылу маусымын апатсыз өткізу.

Ақтөбе қаласында 2100 көпқабатты үйдің 1556-сы «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның орталықтандырылған жүйесіне, ал 544-і автономды қазандықтарға қосылған. Қалада барлығы 130 қазандық жұмыс істейді: соның 27-сі – «Aqtobe Su-Energy Group»-тың теңгерімінде, қалғаны – басқарушы ұйымдарға тиесілі. Бүгінге 97 қазандыққа ағымдағы жөндеу жасалып, 6 қазандық күрделі жөндеуден өтті. Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты үйлердегі тағы 6 қазандықта күрделі жөндеу жалғасып жатыр.

Отын қоры бойынша да жоспар нақтыланды: әлеуметтік нысандар мен бюджеттік ұйымдарға 20,7 мың тонна көмір, 1,2 мың тонна дизель, ал халыққа 19 мың тонна көмір дайындалады. Ауылдардағы қазандықтардың барлығы жөндеуден өткізілген.

«Жылыту маусымы халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік нысандарда ақауларға жол бермеуге тиіспіз», – деді Асхат Шахаров.

Кесте бекітілді: 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі, ал тұрғын үйлер 15 қазаннан қосылады.

«Жылыту маусымына дайындыққа уақыт шектеулі, ауа райы күтпейді. Жауапты ұйымдар жеке жауапкершілік барын естен шығармауы тиіс. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда апаттарға жол берілмеуі керек», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Өңірдегі жылыту маусымы — қатаң бақылауда.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әлемдік рекорд орнатты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *