Isker Tilshi Әлеумет

Павел Дуров: «Әлеуметтік желіге емес, білімге көбірек уақыт бөліңдер»

Қазақстанның ауыл-аймақтарынан жиналған 500 оқушы ерекше мүмкіндікке ие болды. Telegram мессенджерінің негізін қалаған Павел Дуров бір күнін осы балаларға арнап, IQanat жобасының жетекшісі Айдын Рахимбаевпен бірге мектепке арнайы келді. Ол оқушыларға сенім мен білімнің күшін айтып, үздіксіз ізденуге жігерлендірді, деп хабарлайды «Іскер тілші».

Балалар бұл кездесуді көптен күткен. Әлем бойынша 1 миллиардтан астам қолданушысы бар қосымшаны жасаған адам күнде мектепке келе бермейді ғой. Павел кампусты аралап, оқушылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты және ең бастысы – олармен еркін әңгіме құрды.

Кездесу барысында ол өз балалық шағы, мектеп кезіндегі оқу үлгерімі мен бағдарламалаудағы алғашқы қадамдары жайлы ашық айтты. Сонымен қатар, жасанды интеллекттің болашағы туралы пікірін білдіріп, биотехнологияны алдағы уақыттың басты бағыттарының бірі деп атады.

Бір жыл бұрын Павел Қазақстанның шалғай ауылдарынан 12 талапты баланы таңдап, олардың IQanat мектебінде білім алуы үшін 350 мың доллардан астам қаржы бөлген еді. Бұл қаражат олардың оқуына, тұруына, тамағына және өзге де қажеттіліктеріне жеткілікті болды. Бірақ балалар үшін ең маңыздысы – олардың тағдырына алаңдап, демеп жүрген жанашыр жандардың бары. Павел әр оқушының жетістігін қадағалап, бұл жолы жүзбе-жүз жүздесті.

Бұл оқушылар бүгінде олимпиадаларда, байқауларда, хакатондарда топ жарып жүр. Соның бірі – Ақмола облысының Бұлақсай ауылынан шыққан 15 жастағы Тимур Хозаев.

«Мен бала күнімнен бағдарламалаушы болуды армандадым, бірақ біздің ауылдағы мектеп өте шағын болатын – менің сыныбымда бар болғаны 3 оқушы болды. Ол жақта менің өсіп-дамуыма мүмкіндік жоқ еді. Павел Дуровтың маған сенімінің арқасында мен IQanat мектебіне түстім, енді оның жолын қуып, IT маманы бола аламын», – дейді Тимур.

Айта кетейік, IQanat – 230-дан астам қазақстандық кәсіпкердің бастамасы. Жоба ауыл балаларына жаңа мүмкіндіктер ашып, білім алуға жол көрсетуді мақсат етеді. 2024 жылдан бастап Павел Дуров осы жобаның қамқоршыларының қатарына қосылды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда ірі несие енді бірден берілмейді

IQanat түлектерінің 94 пайызы қазір Қазақстан мен шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде грант негізінде оқып жатыр. Олар бүгінде әлемнің 19 елінде білім алуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *