Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын ашып, ЖИ-ды білім беру, экономика және мемлекеттік басқаруға ауқымды енгізу – елдің бәсекеге қабілеттілігі мен егемендігіне тікелей әсер ететінін айтты. Мемлекет басшысы үш нақты бағытқа екпін қойды: білімге ЖИ-ды кеңінен енгізу, кадр дайындайтын зерттеу университетін құру және еңбек нарығын қайта бейімдеу үшін ұлттық онлайн-платформаны іске қосу, деп хабарлайды «Тілші» Ақордаға сілтеп.
Кеңестің мәні және стратегиялық мақсат
Президент жиынның ерекше маңызын атап өтті.
«Сондықтан біз де осы ахуалға сай алдымызға биік мақсат қойдық. Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болуы керек. … Жасанды интеллектінің даму жылдамдығы өте тез, қарқыны жоғары. Сондықтан бір орында тоқтап қалмай, бұл іске үнемі жаңа көзқараспен қарау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кеңестің тақырыбын да нақтылады – «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер және сын-қатерлер». Ол ЖИ-ды XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы деп таныған алпауыт елдердің тәжірибесін атап өтіп, барлық саладағы интеграцияны үйлестіру үшін Жасанды интеллект министрлігі құрылғанын еске салды.
Зерттеу университеті: кадр – шешуші фактор
Президент арнайы мәртебесі бар, әлемдік серіктестері бар жасанды интеллект зерттеу университетін ашуды тапсырды:
«Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн… Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек», – деді Президент.
Білімге ЖИ: дербес оқыту, инклюзия және қауіпсіз контент
Тоқаев дербес оқытуды «революциялық мүмкіндік» деп айқындады.
«Әдеттегі «Барлығына бір бағдарлама» моделі заман талабына сай келмейді… Жасанды интеллект арқылы… әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес жеке оқыту бағдарламасын әзірлей аламыз», – деді ол.
Аймақтар мен ауыл мектептеріндегі алшақтықты азайту, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау үшін ЖИ-дың рөлі ерекше екені айтылды.
«Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды… Біздің мақсатымыз – шын мәнінде инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру», – деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы құндылықтық сүзгіні күшейтуге шақырды.
«Өз болмысымызды, яғни төл мәдениетімізді, құндылықтарымызды сақтап қалуға тиіспіз. Ұстаз сапалы білімнің басты кепілі болып қала береді. Сондықтан Үкімет ұлттық білім беру платформасын әзірлеуі қажет. Біз жасанды интеллект саласында ең алдымен өз елімізден шыққан өнімдерді пайдалануымыз керек», — деді ол.
Еңбек нарығы: қайта даярлау үшін ұлттық онлайн-платформа
Президент ЖИ автоматтандыруының әлеуметтік салдарына алдын ала жауап беру керектігін айтты.
«Бұл – аса өзекті мәселе. Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырамын. Сол арқылы жұмыссыз қалған мамандарды болашақта сұранысқа ие болатын кәсіпке бейімдеу қажет», – деді ол.
Мемлекет басшысы ұлттық мүдде басымдығын ерекше атап өтті.
«Шын мәнінде, негізгі мәселе жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. … Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан Кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын».