Ресейдің мемлекеттік архивтері ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының істерімен танысқысы келген зерттеушілердің өтініштерін жиі кері қайтара бастады, деп хабарлайды «Тілші» «Коммерсантъ» басылымына сілтеп.
Не болып жатыр?
Свердлов облысының мемлекеттік архивінде көп жылдан бері құжатпен жұмыс істеп жүрген зерттеуші Олег Новоселов қыркүйек соңында бұрын еркін беріліп келген істердің тоқтатылғанын айтады:
– «Бұл қалай? Неге?» деп сұрағаныма архив қызметкерлері биыл наурызда Росархивтен репрессияға ұшырағандардың істерін бермеу туралы нұсқау келгенін айтты. Мен мұндай шектеу «Архив ісі туралы» 125-ФЗ федералдық заңына қайшы екенін ескерттім. Қызметкерлер сонымен келісті, бірақ «туыстық байланыс дәлелденбесе, істерді бермеу жөнінде нақты нұсқау бар, сондықтан қолымыздан ештеңе келмейді» деді.
Росархив не дейді?
Ведомство жабық тізімнің бекітілгенін, бірақ жарияланбайтынын хабарлады:
«Тізім бекітілді, бұйрық Әділет министрлігінде тіркелді, алайда жарияланбайды, өйткені онда, соның ішінде қорғаныс пен мемлекеттік қауіпсіздік салаларына қатысты, таралымы шектеулі ақпарат бар және «Қызметтік пайдалануға арналған” белгісі қойылған».
Сондай-ақ Росархив бұл тізімге «саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәліметтері бар архив құжаттары туралы ақпарат» енгізілгенін растады және «туыстар үшін қарау мүмкіндігі шектелмейді» деп мәлімдеді. Алайда сол хабарламада бір мезетте былай делінген:
«…салалық комиссия әзірге қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәліметтерге байланысты мәселелерді қараған жоқ».
Бұл екіұдай түсіндірме зерттеушілердің күмәнін күшейтіп отыр.
Заң не дейді?
РФ-ның №125 «Архив ісі туралы» заңы азаматтың жеке/отбасылық құпиясы бар құжаттарды жасалған күнінен бастап 75 жылға дейін жабық ұстайды; мерзім өткен соң олармен танысу мүмкіндігі туыс емес зерттеушілерге де берілуі тиіс.
Ал адвокат Владимир Редекоп 2024 жылы Амур облысында «қызметтік мәліметтер» деген уәжбен берілмеген іс бойынша былай дейді:
«Ол кезде қолданыстағы заңнама мұндай шектеуге тікелей тыйым салатын. Бірақ, шамасы, ішкі істер органдарында жаңа құжат дайындалып жатқанын әлдеқашан білген».
Кейін 2024 жылдың күзінде үкімет қаулысына түзетулер енгізіліп, «Ресейдің мүдделеріне ықтимал қауіп төндіруі мүмкін» құпия емес архив деректерін де «қызметтік» санатқа жатқызуға жол ашылды; артынша Росархивтің №38 бұйрығы шыққан.
– Тізімнің өзі де, оған енгізудің негіздері де «Қызметтік пайдалануға арналған» белгісімен жабылған. Онда нақты не болып жатқанын ешкім білмейді, – дейді Редекоп.
Редекоп 2025 жылғы мамырда РФ Президент әкімшілігіне сұрау жолдап, мынадай жауап алған:
«Росархив өкілеттіктерін кеңейту «Ресей Федерациясының мүдделерін қорғау қажеттілігімен байланысты; қазіргі таңда елге бұрын-соңды болмаған экономикалық, саяси және ақпараттық қысым жасалып отыр, сондай-ақ Ресейге, ресейлік заңды және жеке тұлғаларға достық емес ниеттегі мемлекеттер мен аумақтар тарапынан әрекеттер жасалуда».
Архив мәліметтерін «тарихи деректердің бұрмалануынан, олардың жалған түсіндірмесінен» немесе «достық емес ниеттегі мемлекеттер мен аумақтардың мүддесіне пайдаланудан» қорғау қажет.
Пайдаланушылардың арасында «шетел азаматтары да болуы мүмкін». Архивтерде «шамамен 4,5 миллион іс сақтаулы, олардың кейбірін пайдалану Ресей мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін сезімтал ақпаратты қамтиды».
Сыни көзқарас
Тарихшы, «Историческая память» қорының директоры Александр Дюков шектеуді ашық сынайды:
– Репрессияға ұшырағандардың құжаттарын қарауа шектеу – мүлде теріс құбылыс деп санаймын. Бұрын архивтер мұны «жеке өмір құпиясы» деген желеумен жасауға тырысатын. Алайда көп жағдайда архивтерде ондай «жеке құпия» жоқ: керісінше, ақталған адамдардың құжаттарында тарихшылар үшін аса маңызды әрі пайдалы ақпарат өте көп, әрі ол тек саяси қуғын-сүргін тақырыбымен шектелмейді. Ақталған адамдардың берген барлық куәліктерін жай ғана ысырып тастау — ғылыми тұрғыдан жарамсыз. Ол куәліктерде тарихи ғылым үшін маңызды көптеген дерек пен ұсақ-түйек мәлімет бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, ақталмаған адамдардың істері бұрыннан жабық, бұл да дұрыс емес.
Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын талай мәрте қорғаған адвокат Марина Агальцова да жаңа тәртіпке наразы.
– Бұл — мүлде жаңа жағдай. Негізі, бұл — архив ісі туралы федералдық заңмен салыстырғанда құқықтарды ведомстволық акті негізінде шектеу. Мұны сотта даулауға болады деп ойлаймын, – дейді ол.