Бейсенбі күні АҚШ демократиялық партиясы съезінің соңғы күні вице-президент Камала Харрис шараны түйіндеп, сөз сөйледі. Ол демократиялық партия атынан президент сайлауына қатысу туралы ұсынысты ресми түрде қабылдады, деп хабарлайды Орталық Азия Жаңалықтар Қызметі.
Харрис өз сөзінде қоғам бірлігі, алға жылжу қажеттілігі, Дональд Трамп туралы тезиске тоқталды. АҚШ халқы алдындағы алғашқы ең ірі сөзін ол өзінің отбасы мен Үндістан мен Ямайкадан келген иммигрант ата-анасынан, өмірлік принциптерінен бастады. Өзіне кез келген америкалықты алаңдататын мәселелер таныс екенін алға тартты.
«Мен Американың барлық азаматының президенті болуға уәде беремін», — деді Камала Харрис. «Мемлекеттің мүддесін партиялардың мүддесінен жоғары қоюға уәде беремін».
Ол Сан-Франциско мен Калифорния прокуроры болып жүрген кезде алып корпорациялардың қысымына қарамастан студенттер мен жұмысшылардың, зейнеткерлердің мүддесін қорғағанын еске алды. Харрис Американың барлық азаматы үшін «мүмкіндіктер экономикасын» құруға уәде берді.
Ол Дональд Трамп тарабынан төніп тұрған қатерге де тоқталды.
«Көп жағдайда Трамп салмақты адам емес. Бірақ Трамптың Ақ үйде пайда болуының салдары өте ауыр болмақ» деді ол.
Харрис Дональд Трамп елде түсік жасауға тыйым салуы мүмкін екенін ескертті.
Сыртқы саясат мәселелеріне тоқталған Харрис Трампты Украинаға басып кірген Путинді «көтермеледі» деп айыптады.
Харрис 50-ден астам мемлекеттің бірігіп Украинаға көмек көрсетуін ұйымдастыра алғанын айтты.
«Президент болып сайлансам, Украина мен НАТО бойынша одақтастарымызды берік қолдаймын» деді Камала Харрис.
Оның сөзін көпшілік қол соғып қарсы алды. Ол сонымен бірге ХАМАС-пен (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) соғысып жатқан Израильге де тиісті көмек беруге дайын екенін мәлімдеді. Бір мезетте палестиналықтардың да қауіпсіздік, еркіндік және өзін-өзі анықтау құқығы болуы керек екенін атап өтті.