10 қазанда Қазақстанның Ұлттық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерді. Бұл шешім инфляцияның күшеюі мен бағаның шектен тыс өсуін тежеу мақсатында қабылданды, деп хабарлайды «Тілші».
Неліктен мөлшерлеме өсті?
Ұлттық банк соңғы айларда тауарлар мен қызметтердің бағасы күткендегіден тез өсіп жатқанын атап өтті. Қыркүйекте жылдық инфляция – 12,9% (тамызда 12,2% болған). Кейбір азық-түлік өнімдері мен жанармайдың бағасы қатты қымбаттаған. Әлемдік нарықтарда ет пен өсімдік майларының бағасы да рекордтық деңгейге жеткен.
Сондықтан Ұлттық банк «ақша тым арзан болып барады» деп шешті – бұл бағаның өсуін одан әрі үдетуі мүмкін еді.
Базалық мөлшерлеме деген не?
Базалық мөлшерлеме – банктер Ұлттық банктен ақша алғанда төлейтін негізгі пайыз. Ол елдегі несие мен депозиттің пайыздарын да анықтайды.
Мысалы, егер базалық мөлшерлеме өссе, банктер үшін ақша «қымбаттайды», сол себепті несие пайыздары да көтеріледі. Ал мөлшерлеме төмендесе, керісінше, ақша «арзандайды» – бұл адамдар мен бизнеске көбірек несие алуға мүмкіндік береді.
Неліктен бұл маңызды?
Базалық мөлшерлеме өскенде:
- несие алу қиындайды, өйткені пайыздар көтеріледі;
- бірақ инфляция баяулайды, яғни баға өсуі тоқтайды;
- теңге тұрақтанады, өйткені ұлттық валютаға сенім артады.
Ұлттық банк бұл шешім арқылы бағаның бақылаудан шығып кетпеуін және халықтың ақшасының құнын сақтауды көздеп отыр.
Бұған дейін не болған?
2025 жылы бұл – Ұлттық банктің алтыншы рет базалық мөлшерлеме туралы шешімі:
- Қаңтарда – 15,25% (өзгеріссіз қалды)
- Наурызда – 16,5%-ға көтерілді
- Сәуір, маусым, тамызда – өзгеріссіз қалды
- Қазан – 18%-ға дейін көтерілді
- Келесі шешім 28 қарашада жарияланады.