Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалғанына көп бола қоймаған Асхат Шахаров өз қызметіндегі басым бағыттардың бірі – импортқа тәуелділікті азайту екенін айтты, деп хабарлайды «Тілші».
Асхат Шахаровтың есебінше, өндіріс көлемін арттыру керек. Сырттан тартылатын энергияға тәуелділікті жою, сонымен бірге, инфрақұрылым, газ мәселесі, республикалық маңызы бар жолдарды жөнге келтіру қажет.
«Бүгінде өңірге инвестиция тарту жөніндегі комиссияны өзім басқарамын. Арнайы басқарма бар, инвестиция тартумен ӘКК және «Қазинвест» ұйымы айналысады. Алдымен өндіріс көлемін арттыру керек. Импортқа тәуелділікті азайту жолында нақты шешімдер қабылданады. Оның үстіне республика бұл жұмыстарға жақсы қолдау танытып отыр», — дейді ол.
Облыс басшысы «Атамекен» палатасында түрлі сұрақтармен кәсіпкерлерді қабылдайтынын да жеткізді.
«Егер импорт тәуелділігін азайтамын деген ұсыныстар, идеялар болса, әрине, әкімдік тарапынан қолдау көрсетеміз», — дейді ол.
Марат Төлепберген, «Тілші»