Aqtobe Day Isker Tilshi

JIDE: дәстүр мен ғылым тоғысқан дәм

Фото: @jide.aktobe

Ақтөбеде жаңа гастрономиялық кеңістік – JIDE кофеханасы өз есігін айқара ашты. Бұл жай ғана кофехана емес – ол қазақтың дәм мәдениетін заманауи форматта ұсынатын, ұлттық құндылық пен инновацияны үйлестірген ерекше жоба.

Tilshinews.kz интернет-басылымының журналистері жобаның идея авторы, этнограф-ғалым Әйгерім Мұсағажиноваға жолығып, JIDE-нің Ақтөбе қаласындағы ерекшелігі туралы сұрады.

Фото: @jide.aktobe

Ғылымнан дәмге дейін

15 жылдан астам уақыт бойы тамақтану антропологиясын зерттеп жүрген ғалым ұлттық асхананы әлемге танытуды мақсат етеді.

«Jide – Қазақстанның барлық өңірінде өсетін, бәрімізге таныс жеміс. Сол жиденің негізінде менде ғылыми патент бар. Бұл – дәстүрлі кофеге балама, кофеинсіз сусын, яғни қазақы сипаттағы декаф», – дейді Мұсағажинова.

Оның айтуынша, қазіргі ғылымның басты бағыты – генетикалық код пен жеке тамақтану ерекшеліктері.

Фото: @jide.aktobe

«Біз адам ағзасына генетикалық деңгейде пайдалы өнімдер әзірледік. Барлығы жергілікті шикізат пен дәстүрге негізделген. Біздің мақсат – қазақ асханасының қаншалықты бай, пайдалы әрі алуан түрлі екенін көрсету», – дейді ол.

Жергілікті өнім – басты құндылық

Жоба командасы өнім сапасына ерекше мән береді: еттің қай фермада өсірілетінінен бастап, дастарқанға қалай жеткізілетініне дейін барлығы қатаң бақыланады. Мәзірде шұбаттан жасалған балмұздақ, JIDE авторлық кофесі және қалақшаға оралған ысталған ет бар.

Кофеханада сонымен қатар гастрономиялық дүкен жұмыс істейді, мұнда жылқы етінен жасалған паштеттер мен ысталған ет түрлері ұсынылған. Келушілер бұл өнімдерді үйге алып кетіп, жақындарын қазақтың ерекше дәмімен қуанта алады.

Фото: @jide.aktobe

Дәм мен дәстүрдің тоғысы

Кофехананың алғашқы келушілерінің бірі – ақтөбелік Данияр өзінің әсерімен бөлісті:

«Достарымның ұсынысымен JIDE кофеханасына бардым. Ішкі интерьер мен атмосферасы үйлесім тапқан. Байқағаным – мәзірде ұлттық колоритке басымдық берілген, бұл қазіргі шетелдік форматтар көбейген тұста ерекше қадам деп ойлаймын. JIDE дәмімен жасалған кофені ерекше атап өткім келеді. Мәзірде кәсіби мамандардың қолтаңбасы сезіледі. Даяшылар қызметі де жоғары деңгейде, қазаққа тән қонақжайлық анық байқалады. Бұл – дәм мен дәстүрдің тоғысқан мекені», – дейді ол.

Жоба авторларының айтуынша, JIDE – тек дәм тататын орын емес, ұлттық болмысты сезінудің жаңа форматы.
Мұнда әрбір ұсынған ас – бір тарих, ал әрбір жұтқан иіс – туған үйдің жылуын еске түсіреді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  "Туыстары мен жақындарын тағайындап жатыр": Ақтөбелік дәрігерлер министрге хат жазды
Фото: @jide.aktobe

Марат Төлепберген,
Tilshinews.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *