Қарғалы қалалық ауруханасының қызметкерлері кадрлық өзгерістер мен емдеу орнындағы қысымды айтып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсірді. Қазір арнайы комиссия құрылып, тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласында орналасқан Қарғалы ауруханасында таяуда бас дәрігер өзгерді. Арада екі ай өткенде ұжым қызметкерлері шағым түсірді. Олар арызды ҚР Денсаулық сақтау министріне жазған.
– Жаңа басшы келгеннен бері ұжым ішінде тұрақсыздық, сенімсіздік және психологиялық қысым күшейе түсті. Бас дәрігер өзіне жақын адамдардан «команда» жасақтау мақсатында білікті, тәжірибелі мамандарға түрлі қысым көрсетіп, оларды орнын босатуға мәжбүрлеп отыр. Олардың орнына өзінің туыстары мен жақындарын тағайындап жатыр, — деп шағымданған.
Арызда орынбасары ретінде ауылдасы әрі досын, заңгердің орнына бұрынғы жұмыс орнындағы қызметкерді, бас медбикенің орнына туысын тағайындағанын жазған.
– Қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, комиссия қарап жатыр. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін істің мән-жайы білгелі болады, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, елімізде алғашқы медициналық көмектің жаңа моделі енгізілді. Өзгеріс бойынша енді емханаларда мейіргерлер де науқас қабылдай алады. Пилоттық жоба алғаш рет былтыр қыркүйек айында Елордадағы № 5 қалалық емханасында жүзеге аса бастады.
View this post on Instagram