Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе облысында некеге мәжбүрлеу қылмысы тіркелді

Қазақстанда алғаш рет некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін бірқатар өңірде нақты істер тіркелді. Бас прокуратураның хабарлауынша, алғашқы фактілер Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында анықталған. Кейбір жағдайларда жәбірленушілердің бірі — кәмелетке толмаған, деп хабарлайды «Тілші».

Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, істер прокуратура органдарының ерекше бақылауында.

Бұл бап 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы заңның аясында енгізілді. Қылмыстық кодекстің жаңа 125-1-бабы бойынша, адамды некеге күштеп отырғызу — енді жазаланатын іс.

Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану немесе мүлкін жою қатерімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі адамға:

  • 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл,
  • не түзеу жұмыстары,
  • не екі жылға дейін бостандығын шектеу,
  • немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал егер мұндай әрекет ауыр зардаптарға әкелсе, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрме жазасын алады.

Бас прокуратура атап өткендей, бұл жаңашылдық — әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлықтың алдын алу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Сонымен қатар, жаңа заң аясында «сталкинг» (қудалау) ұғымы да алғаш рет енгізілді. Ол — адамды физикалық күш қолданусыз, заңсыз түрде аңду немесе мазалау әрекеті ретінде қарастырылады. Қазір бұл бап бойынша да алғашқы істер Атырау мен Павлодар облыстарында тіркелген.

Прокуратура қоғамды мұндай істерге бейжай қарамауға және азаматтардың жеке өмірі мен еркін таңдау құқығын қорғауға шақырды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Хромтаулық би ансамблі Әзербайжандағы халықаралық байқауда бірінші орынды жеңіп алды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *