Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе соты заңсыз салынған май ауыстыру орталығын сүруді міндеттеді

Фото: hronika.kz

Сот көрші үйге зардабын тигізген және бірқатар ережелерді бұза отырып салынған май ауыстыру және сату станциясын толықтай сүруге міндеттеді, деп хабарлайды «Тілші» hronika.kz сайтына сілтеп.

Оқиға Қарғалы көшесі, 19 мекенжайында болған. Кәсіпкер Қуаныш Сағындықов Тайменовтер отбасы тұратын үйге өте жақын – 1 метрден аз жерде екі қабатты май ауыстыру орталығын ашқан. Тұрғын Айгүл Тайменованың айтуынша, құрылыс басталғалы олардың өмірі өзгерген.

«Шу, шаң, дүрсіл толастамады. Ең сорақысы, үйімізге күн сәулесі түспей қалды, қабырғада көгеру пайда болды. Бізде бұл орталық салынғаннан кейін балаларымызда астма басталды,» – дейді ол.

Тайменовтер сотқа жүгінгенде, кәсіпкердің бірқатар ережелерді өрескел бұзғаны анықталды. Ол құрылысқа қажетті эскиздік жобаны, актілерді мемлекеттік органдармен мақұлдамаған және экологиялық сараптама жүргізбеген. Сотта келесі нормалардың бұзылғаны дәлелденді: Ереже бойынша үй мен станция арасы кемінде 6 метр болуы керек. Санитарлық ереже бойынша қашықтық кемінде 15 метр болуы қажет.

Кәсіпкер Сағындықов сотта нысанның көрші үйге ешқандай зияны жоқ екенін айтып, кінәсін мойындамады. Алайда, судья Оразғалиев іс бойынша арнайы көшпелі сот отырысын өткізіп, оқиға орнына барып, Тайменовтердің көршілерімен де сөйлесті. Судья тұрғындардың бизнестің кесірінен зардап шегіп отырғанына көз жеткізді. Кейіннен облыстық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Нәтижесінде, қалалық сот кәсіпкер Сағындықовты май ауыстыру станциясын сүруге міндеттеді. Бұған дейін мұндай дау-дамайда соттар көбінесе кәсіпкерлердің жағына шығатын еді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Блогерлерге қиын болады: Жақында тексеріс басталады

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *