25 қарашада өткен аукцион қорытындысы бойынша қарағандылық «Шахтер» футбол клубының жаңа қожайыны анықталды. Клубты Freedom Holding Corp. тобына кіретін компания сатып алды, деп хабарлайды Isker Tilshi.
Бұған дейін айтылғандай, сату процесі ашық аукцион форматында өтті. Жаңа инвестор клубтың инфрақұрылымын дамытуға және аймақтағы футболды жаңа деңгейге көтеруге қомақты қаржы бөлуді міндетіне алып отыр.
Миллиардтаған инвестиция Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов қарағандылық футболға жалпы көлемі 18,5 млрд теңге инвестиция құюды жоспарлап отыр. Қаржы 12 млрд теңге – заманауи футбол академиясын салуға, 6,5 млрд теңге – балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға бөлінеді.
Жаңа футбол академиясы 10 гектарға жуық аумақта бой көтереді. Жоба ауқымдылығымен ерекшеленеді:
- Жыл бойы жаттығуға арналған жабық манеж;
- Толық өлшемді жаттығу алаңы;
- Медициналық орталық, бассейн және сауна;
- Тәрбиеленушілерге арналған жатақхана мен асхана.
Барлық нысандар өзара жылы өткелдермен жалғасады. Сондай-ақ, аумақта воркаут-аймақтар мен саябақ қарастырылған. Әкімдіктің мәліметінше, құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, Тимур Турлов қазіргі таңда Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) президенті қызметін атқарады. Оның қолдауымен өңірде «ALGA!» мектеп жобасы (40 мың оқушыны қамтиды) және Freedom BFL жасөспірімдер лигасы сияқты ірі бастамалар жүзеге асырылып жатыр.
Тимур Турлов — Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бірі, байлығы 5,8 млрд долларға бағаланған (Forbes, мамыр 2025). Freedom Holding қаржы секторынан бөлек, телекоммуникация және медиа салаларында да белсенді жұмыс істейді.
