Екі жылға созылған еңбек дауында Мөлдір Ғапиз жеңіске жетті. Ырғыз ауданының, Ақтөбе облысының соттарында жеңіліс тапқан ол Жоғары Сотта өзін ақтап шықты. Бір қызығы – адвокатқа қаржы таппаған кіші қызметкер сот отырыстарына қорғаушының көмегінсіз қатысты. Сот Ырғыз мектеп гимназиясынан Мөлдір Ғапизге 1 700 000 теңге өндіріп беру жөнінде шешім шығарды.
Ақтөбе облысындағы Ырғыз мектеп-гимназиясыныі кіші қызметкері болған Мөлдір Ғапиздің еңбек дауына қатысты күресі шамамен екі жылға созылып, Жоғарғы сотқа дейін жетті. Оның айтуынша, барлығы мектеп басшылығының оны жұмыстан заңсыз шығаруынан басталған.
Екі жыл бұрын қараша айында Ырғыз ауданына іссапармен барған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғыз мектеп гимназиясында тұрғындарды қабылдайды. Білім ордасының кіші қызметкері Мөлдір Ғапиз мектептегі тазалық жұмыстарына қатысты мәселелерді көтереді, дәретханада су жоқ, еден жуатын құралдарды қызметкерлер өз қаржысына сатып алады, тағы басқа да жайттар тізбектеледі.
Араға санаулы апта салып, мектеп басшылығы Мөлдірді екі күн жұмыста болмады деген желеумен қызметінен босату жөнінде бұйрық шығарады.
Алдымен қызметтен босату туралы бұйрық, артынша үш айлық сынақ мерзімімен «жаңа қызметкер» ретінде қайта қабылдау туралы құжат — бәрі еңбек кітапшасына тіркелген.
Еңбек кітапшасындағы бұл белгі оның кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, алдағы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне тікелей әсер етуі мүмкін еді. Сол себепті Мөлдір еңбек құқығын қалпына келтіру үшін Жоғарғы сотқа жүгінуге бел буды.
Адвокатсыз сотқа қатысуға мәжбүр болды
Мөлдір аудандық та, облыстық та соттарға адвокатсыз қатысқан. Себебі адвокат қызметінің құны — 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін, ал оның ондай қаржы ұсынуға мүмкіндігі болмады. Заң саласынан алыс, тәжірибесіз адамның өзі сот залында мемлекеттік мекемеге қарсы тұруы оған оңайға түспеген.
Алғашқы отырыстарда қорқыныш басым болғанын, жанына жақын адамдардың өзі «адвокатсыз қалай соттасасың?» деп күмәнмен қарағанын айтады. Соған қарамастан, ол күресті жалғастырды.
Жоғарғы сот үшін ақша жинау жолы — ауыр еңбек
Жоғарғы сотқа дейінгі соңғы кезеңде Мөлдір Алматыдан адвокат жалдауға шешім қабылдайды. Сол үшін ауылдан жұмыспен қамту орталығы жіберген архив мекемесіндегі қызметін 20 күннен кейін тастауға тура келген. Себебі айлықтың жартысы ғана қолына тиіп, ол қаражатпен адвокат ақысын жинау мүмкін болмаған.
Ол ауыл сыртындағы кэмпингке қара жұмысшы болып орналасып, ауыр еңбектің арқасында қажетті қаражатты жинаған.
Бұл — оның әділет үшін қандай деңгейге дейін баруға дайын болғанының көрінісі.
Сот шешімі шыққанымен, мектеп біраз уақыт орындамай жүрді
Сот Мөлдірдің пайдасына шешім шығарғанымен, ол шешім бірден іске аспаған. Шілде айында Ырғызда қосымша түсіндірме соты өтіп, судья шешімнің қалай орындалуы керектігін нақты көрсеткен. Бірақ соған қарамастан, мектеп басшылығы біраз уақыт бойы шешімді орындамағандықтан, Мөлдір сот орындаушысына жүгінуге мәжбүр болды.
Тек қыркүйек айында ғана барлық талап толық орындалып, ол ресми түрде қайта жұмысқа қабылданып, еңбек кітапшасы қалпына келтірілді.
Жаңа талап: моральдық шығын және еңбекақы
Қазан айында ол екі айлық еңбекақысын өндіру үшін келісу комиссиясына жүгінеді, бірақ өтініші қанағаттандырылмайды. Осыдан кейін Мөлдір аудандық сотқа талап арыз түсіріп, бұл сотта да адвокатсыз қатысқан.
Сот оның талаптарын толық қанағаттандырып, моральдық шығын мен шешім орындалмаған аралықтағы еңбекақыны өндіріп берді.
Алдағы белгісіздік пен жүйеге деген көзқарас
Бүгінгі таңда Мөлдір ақысыз демалыста. Бұл — ұзаққа созылған күрестен кейінгі тағы бір белгісіздік кезеңі.
Ол білім басқармалары мен бөлімдерінің әрекетіне қатысты пікірін жасырмайды:
«Қызметкерді қорғаудың орнына басшыны қорғау басым. Менің жағдайымда ешкім араша түспеді. Бұл — жүйедегі үлкен мәселе», — дейді Мөлдір.
Кейіпкеріміздің пайымынша, заңсыз жұмыстан шығаруға жол берген мектеп басшысы мен оған қолдау көрсеткен орынбасар бүгінде сол орындарында отыр.
«Бұл жағдай менің айналамдағы адамдарды сүзгіден өткізді»
Мөлдір үшін бұл кезең тек заңдық күрес қана емес, өмірлік сабақ болған. Жақын араласқан әріптестерден көрген реакциясы күтпеген, ауыр тигенін айтады. Бірақ бүгінде ол бұл кезеңді артта қалдырған.
Оның оқиғасы — жүйенің осал тұстарын, қызметкердің қорғансыздығын, бірақ сонымен қатар жеке адамның табандылығы мен әділетке деген сенімін көрсететін мысал.
Мектеп басшылығы журналистерді де сотқа берді
Қызметінен алған босағанда Мөлдір Ғапиз араша сұрап, ақтөбелік журналист, «Тілші» жобаларының авторы Асқар Ақтілеуге де жолығады. Бұл шамамен 2023 жылдың қараша айы болатын. Кіші қызметкердің мәселесін көтерген журналисті «жалған ақпарат таратты» деген желеумен мектеп директоры Гүлжайнар Нұрманова сотқа береді. Бұл іс ұзаққа созылмады. 2024 жылдың ақпанында сот журналисті ақтап алды.
«Көмек сұрап біраз жерге хабарластым, тек Асқар Ақтілеу ғана мұңыма құлақ асып, мәселен әрі қарай көтере бастады. Алайда, өзіне сот алдында жауап беруге тура келді. Абырой болғанда, сот журналиске тағылған айыпты жоққа шығарып, іс Асқардың жеңісімен аяқталды», — дейді Мөлдір Ғапиз.
