Ақтөбе облысының Алға ауданында жылына 2 млн тонна өнім беретін жаңа цемент зауытының құрылысы жүріп жатыр. Инвестиция көлемі — 120 млрд теңге. Жобаны «Aktobe Cem» ЖШС әлемдік ірі өндірушілердің бірі West China Cement компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Алғадағы алаңда қазір шамамен 1000 жұмысшы еңбек етіп, инженерлік желілер тартылып, қызметкерлерге арналған жатақхана салынып жатыр. Кесте бойынша нысан 2026 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Іске қосылғаннан кейін зауытта 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Алға инвестициялар тартудың орталығына айналуда. Мұндай зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, облыстың индустриялық әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында шикізатты терең өңдеу, импортты алмастыру міндеттерін қойды. Осы жоба цемент импортына тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты құрылыс материалдарымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – құрылыс кестеге сай және барлық технологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізілуі қажет», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Жоба жүзеге асқанда өңірдің инфрақұрылымы жаңарып, құрылыс секторына тұрақты жеткізілім арнасы құрылады. Ақтөбе облысы мен ҚХР арасындағы өндірістік кооперация да нығаяды.