Aqtobe Day Әлеумет

Шетелдік көліктерге жалған сақтандыру құжатын рәсімдеген ақтөбелік әйел ұсталды

Фото: polisia.kz

Ақтөбеде арнайы ХҚКО тұрағында заңсыз құжат саудасымен айналысқан әйел қолға түсті. Ол жүргізушілерге заңды күші жоқ жалған сақтандыру полистерін сатып келген, деп хабарлайды «Тілші».

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 47 жастағы күдіктіні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел шарасы кезінде ұстады.

Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істеді?

Күдікті негізінен шетелдік есепте тұрған көлік иелеріне қызмет көрсеткен. Тергеушілердің айтуынша, ол сатқан сақтандыру полистерінің ешқандай заңды күші болмаған. Яғни, жол апаты болған жағдайда бұл қағаз жүргізушіні қорғамайды және шығынды өтемейді. Бұдан бөлек, әйел көлік басқаруға қажетті басқа да жалған құжаттарды дайындаумен айналысқан.

Көлігінен нотариус мөрі табылды

Полиция күдіктінің автокөлігін тінту барысында заңсыз әрекетті әшкерелейтін бірқатар айғақтарды тәркіледі. Оның ішінде жалған медициналық анықтамалар, жүргізуші куәлігін алу курсын бітіргені туралы куәліктер және нотариус мөрі басылған бос, яғни толтырылмаған бланктер бар.

Қылмыс қалай ашылды?

Алаяқтықтың беті кездейсоқ ашылды. Жүргізушілердің бірі жол апатына ұшырап, сақтандыру компаниясына өтемақы сұрап барған. Сол кезде оның 3 айға рәсімдеген полисінің жарамсыз, жалған құжат екені белгілі болды. Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Тергеушілер бұл іске қатысы бар басқа да сыбайластарды анықтау үстінде.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Жеке көлігін сатпақ болып, базарға барған әйелді өлтірген ақтөбелік 22 жылға сотталды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *