Сотталушының жасы 44-те, жұмыссыз. Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол 55 жастағы әйелді қарақшылықпен өлтіріп, оның көлігін гаражына тығып қойған, деп хабарлайды өз тілшіміз сот залынан.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап отыр. Жәбірленуші тарап оған кесілген 22 жылдық түрме жазасын тым аз деп санайды.
Жарыссөз кезінде прокурор сотталушыны 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын, кішкентай екі қызының бар екенін ескеріп, 22 жылдық түрме жазасын кескен.
Бұл оқиға биыл 6 маусым күні болған. Сол күні кешкілік туыстары полицияға хабарласып, 55 жастағы әйелдің жеке көлігін сатпаққа базарға кеткенін, содан қайтып оралмағанын айтқан.
Полиция алдымен Toyota Camry маркалы автокөлікті табады. Toyota-ны гаражына тығып қойған азамат кейін көлік иесін қауіпсіздік белдігімен буындырып өлтіргенін мойындаған. Әйелдің мәйіті қала сыртынан табылды.
Тергеу материалдарына қарағанда, қарақшы әйелдің алтын алқасын шешіп алып, бет-жүзін кісі танымастай етіп кескілеп тастаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.