Жапониялық Honda Motor автоконцерні өндірісті уақытша тоқтатуға мәжбүр. Компания жартылай өткізгіштердің, яғни чиптердің жетіспеушілігіне байланысты Жапония мен Қытайдағы бірнеше ірі зауытының жұмысын уақытша шектейді, деп хабарлайды Isker Tilshi kapital.kz сайтына сілтеме жасап.
Компания өкілінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, алдағы 2026 жылдың 5 және 6 қаңтары күндері Йории және Судзука қалаларындағы зауыттар конвейерді тоқтатады.
Жапониядағы алпауыттар
Бұл кәсіпорындардың компания үшін маңызы зор. Мәселен, 2013 жылы іске қосылған Йории зауыты жылына 250 мыңға дейін автокөлік құрастырады, олардың қатарында танымал Civic моделі бар. Ал тарихы 1960 жылдан басталатын Судзукадағы зауыт қазіргі таңда Fit үлгісін шығарады. Сонымен қатар бұл кәсіпорын әлемнің 27 еліндегі Honda зауыттарына қажетті қосалқы бөлшектерді дайындап, таратады.
Қытайдағы жағдай
Электронды бөлшектердің тапшылығы Қытайдағы өндіріске де әсерін тигізді. Guangzhou Automobile Group (GAC) компаниясымен бірлескен кәсіпорын 29 желтоқсаннан бастап жұмысын бес күнге тоқтатады. Бұл жағдай әлемдік автонарықтағы чип дағдарысының әлі де толық шешімін таппағанын көрсетеді.
